Ойға ой қосатын ойын

2004

0

Білімдіге қашанда мүмкіндіктер есігі ашық. Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Еламан Серікұлының ойлап тапқан ойыны ойға ой қосып, оқушының білімге деген талабы мен табандылығын арттыруға қауқарлы. Биология пәнінен өткізілген мектепішілік олимпиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы, 2022-2023 оқу жылында мектептің өзін-өзі басқару ұйымында белсене қызмет атқарған зияткердің жаңа жобасымен танысқан едік.

– Осы оқу жылының басында Engopoly үстел үсті ойынын жасау идеясы келді. Маған бос уақытымда сыныптастарыммен «Монополия» ойынын ойнау қатты ұнайтын. Сондықтан өзімнің сүйікті пәнім ағылшын тілі мен үстел ойынын ұштастырамын деп шештім. Жалпы бұл ойынды ағылшын тілінің барлық деңгейіне баламалап жасауға болады. Қазіргі прототип А2 және B1 деңгейін қамтиды. Себебі мектептегі оқушылардың көпшілігі шет тілін осы деңгейдің бірінде меңгерген. Engopoly ойынының тиімділігі жоғары, себебі сөздік қор мен грамматикаға бағытталған сұрақтар Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілін оқыту бағдарламасынан алынған.

 Идея іздеп, қарайтын ешқандай сайт немесе база жоқ. Мұндай идеялардың келуіне түрткі болатын фантастикалық жанрдағы кітаптарды жиі оқуым шығар. Мысалы, өзімнің сүйікті кітабым «Фаренгейт бойынша 451 градус», – дейді кейіпкеріміз.

Зияткердің Engopoly үстел үсті ойыны ағылшын тілі мен капиталистік стильдің қосындысы болғандықтан, оны барлық бағытта жаңартуға мүмкіндік бар. Бұл ойынды басқа деңгейлерге, басқа дағдыларға, тіпті, басқа да көзделген аудиторияға баламалап өзгерте беруге болады.

– Өз басым ойынның веб-версиясын жасағым келеді, яғни, сайт түрінде қолданыста болғанын қалаймын. Жаңа жобаға авторлық құқықты алуға тырысып жатырмыз. Бұйырса, жуық арада міндетті түрде аламыз деген үміттемін.

Тіл үйренуге, білім алуға арналған мұндай ойындарды, жобаларды жай ғана жарыс үшін жасап көру бөлек те, өзім сияқты оқушыларға, төменгі сыныпта ағылшынды енді бастап жатқандарға арнап, мақсатты түрде іске асыру басқа дүние екен. Іштей жігерленіп, іске асыру үшін барыңды саласың. Әр қазақ баласы ағылшын тілін, жалпы өзге де шет тілдерді біліп, өз ұлтымызға пайдасын тигізсе, тіл арқылы жаңа қазақша контенттер жасаса деген тілек бар. Қазір бой емес, ой жарыстыратын заман. Мектеп те, білікті мұғалім де, интернет желісі, түрлі ғылыми еңбектер, шетелдік зерттеулер, не керек десеңіз, бәрі де қолжетімді. Сондықтан оқушы кезден бастап ізденіп, қоғамға, қазаққа пайдалы болу – мақсатым, – дейді ол.

Иә, болашақ жастардың қолында деп ұрандаймыз. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжанды жатқа оқимыз. Осылайша сөзбен ғана емес, іспен де жастарға сенім артып, қолдай алсақ Еламан сынды озық ойлы балалар оқушы кезінде-ақ сан түрлі жаңа жобаларды іске асырары анық.

Д.Мәделханқызы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<