Отбасын жоспарлау жауапкершілікті арттырады

885

0

Атам қазақ шаңырақтағы баланың санын санап, шектеу қойған емес. Кешегі кеңестік кезеңде отбасында 10-12 баладан болғанын білеміз. Ал бүгінде жұмысты ғана емес, баланы да жоспармен дүниеге әкелетін болдық.

Қызылорда қаласында облыстық жастар денсаулығы атты орталық бар. Ондағы мамандар жастарға ақыл-кеңес беріп, салауатты өмір салтын берік ұстануына қолдау көрсетеді. Емдеу-сауықтыру шараларын да жүргізеді. Өткен жылы қажетті кеңес алу үшін орталыққа 19 мыңнан астам жас келіпті.

– Бағамдап қарасақ, өмірге дені сау бала әкелу – үлкен жауапкершілік. Мәселен, алкогольді сусындар мен шылым шегу адам денсаулығына зиян тигізумен қатар, құрсақтағы шаранаға кері әсер етеді. Сондықтан жастар зиянды әдеттерден мейлінше аулақ болу керек. Тағы бір айта кететін жайт, дәрігерлер бала жоспарлау алдында ерлі-зайыптыға арнайы алгоритм әзірлейді. Осы арқылы кез келген ауруды ерте анықтап, емделуге мүмкіндік болады, – дейді №1 қалалық емхананың психолог маманы Мөлдір Әбдірейова.

Расында, өмірге дені сау ұрпақ әкелу ата-анаға тікелей байланысты. Отбасын құрғысы келетін жастардың негізгі мәселелеріне назар аудару орталықтың  басты міндетіне жатады. 

– Орталықтың негізгі бағыты – жастарда кездесетін әртүрлі дерттің алдын алу. Бізге 10-29 жас аралығындағы кез келген жас жүгіне алады.  Ең алдымен отбасын құрғысы келетін жастарды толықтай профилактикалық тексеруден өткіземіз. Орталықта гинеколог, уролог, дерматолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Олар әрбір келушіні жіті тексеріп, қажетті кеңес береді. Дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы және ағзаға керекті дәруменнің жетіспеуі салдарынан көптеген аурулар пайда болуда. Бұл бала жоспарлап жүрген жандарға әсер етпей қоймайды. Сол себепті отбасын құрғысы келетін әрбір жас міндетті түрде денсаулығын тексертіп, дәрігерлерден кеңес алуы қажет, – дейді облыстық жастар денсаулығы орталығының валеолог маманы Гүлназ Мазқожа.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мамандарының ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте дәрігер мамандар осындай пайдалы ақпараттарды бөлісті.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<