Полиция пәрмені – шынайы қызметінде

458

0

Қылмыстың құрығына ілініп, құдығына құлаған жанның құрдымға кететінін түсінетін уақыт жетті. Қолы қанға боялған, ала жіпті аттаған, жұлынын жемқорлықтың жегі құрты жеген, сұғанағы бар барлық пенде қылмыс түбі жаза екенін ұмытпауы тиіс. Себебі, кез келген бұзақылық пен құқық бұзушылықты ашу еліміздегі сауатты мамандар үшін түк те емес болып отыр. Мұны «Достық үйінде» облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Мұхтар Қожабаев халыққа есеп беру барысында ашық айтты.

Жиынға үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ардагерлер кеңесі, тұрғындар қатысты. Аталған шара тікелей желіге қосылып, барлық тұрғындарға қолжетімді болды. Сонымен қатар, есептік кездесудің өтетіні жөнінде әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланған болатын. Бұл хабарландыруға сәйкес, облыс және қала тұрғындары өз сауалдарын әлеуметтік желілер арқылы жолдауға мүмкіндік алды.

Халық алдында есеп беру кездесуінде Мұхтар Аманқұлұлы қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы айтып, өткен және биылғы жылдың есепті мерзімін қорытындылады. Полиция қызметі көпсалалы болғандықтан, өзекті бағыттарға тоқталып өтті.

– Жалпы Қызылорда облысында жедел жағдай тұрақты. Өткен жылы облыс көлемінде тіркелген қылмыстар саны 14 пайызға, мал ұрлығы, тонау, бұзақылық, алаяқтық саны төмендеді.

10 мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі республикада 88 бірлікті құраса, облыста бұл көрсеткіш 43-ті құрады. Қызылорда облысы – ахуалы тұрақты аймақтардың бірі, – деді Мұхтар Аманқұлұлы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты аясында ішкі істер органдары ауқымды және терең сапалы өзгерістер енгізуді бастаған. Негізгі мақсаты – халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның сұранысына бағытталған жұмыс моделіне көшу. Бұл бағытта жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оптимизациялау шаралары туралы да айтылды. Тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын алға тартты.

Сонымен қатар, жиын барысында департамент бастығы қоғамдық тәртіпті сақтау және заңдылықты нығайту жолында азаматтық парызына адалдықпен қарап, құқық бұзушылықтың жолын кесуге үлес қосып, қырағылық танытқан белсенді облыс тұрғындарын Алғыс хатпен марапаттады, арнайы дайындалған естелік сыйлықтар табыстады.

Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел және сапалы қарау мәселесі – полиция қызметіндегі маңызды міндет. Полиция департаментінің бастығы тұрғындардың, оның ішінде әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстарды мұқият тыңдады. Еркін сұхбатта облыс тұрғындары департамент бастығына өз сауалдарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.

Тұрғындардың бірі белгілі жекелеген қылмыстық істер бойынша мәлімет алғысы келсе, енді бірі полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қиын да жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.

Департамент бастығы облыс тұрғындарының барлық уәждерін ескеріп, полиция қызметіндегі жұмыс барысын жетілдіруге қатысты тұрғындардың ұсыныстары, көтерілген мәселелер мен өтініштер бақылауға алынатынын да тілге тиек етті.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<