«Қайсар» есе жіберді

727

0

Қызылордалық «Қайсар» 13 тамызда өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдады. Премьер-лига командалары арасындағы 19-турды қорытындылаған кездесуде жанкүйерлер қызықты ойын тамашалады.

Биыл шымкенттік клуб чемпиондыққа басты үміткер саналады. Сондықтан олар әрбір турда жинақы ойын көрсетіп жүр. Команда құрамына шетелдік және қазақстандық тәжірибелі футболшылар жиналған.

Ойын басталар алдында қызылордалық жанкүйерлер көңілінде «Кездесу нәтижесі қалай болар екен?» деген сауал тұрған еді. Өйткені, оңтүстік өлкедегі екі команданың тартысты кездесуіне «Қайсар» сапынан қорғаушы Әділет Кеңесбек, жартылай қорғаушы Руслан Сақалбаев сынды футболшылардың қатыса алмайтыны белгілі болды. Сол себепті қызылордалық клубтың бас бапкері Виктор Кумыков негізгі құрамға Әліби Тұзақбаев, жартылай қорғаушы Өркен Махан секілді жастарды да қосты.

Алғашқы минуттан командалар тартысты ойын өткізді. Алма-кезек шабуылға ұласқан ойын барысында шымкенттік клуб жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде 13-минутта «Қайсар» қорғаушыларының өрескел қателігін шебер пайдаланған «Ордабасы» футболшысы Сергей Малый көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Бас төреші Рустам Омаров 33-минутта алаң иелері қатарынан қорғаушы Бен Азиз Загреге қарсыласына дөрекілігі үшін қызыл қағаз көрсетті. Осылайша қызылордалық клуб ойынның қалған уақытында он футболшымен қалуға мәжбүр болды. Кездесудің 40-минутында «Ордабасы» сапынан Евгений Макаренко есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде «Қайсар» азулы қарсыласынан қаймықпай, қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Осындай сәттердің бірінде төрешілер белгілеген пенальтиден қызылордалық клубтың жартылай қорғаушысы Дмитрий Бородин мүлт кеткен жоқ. Бұдан кейін 71-минутта «Ордабасы» капитаны Асхат Тағыбергеннің алыстан тепкен добына «Қайсар» қақпашысы Степан Сикач тосқауыл қоя алған жоқ. Ойынның 74-минутында алаң иелері қатарынан Василий Совпель қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша қызылордалық ұжым қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберді. Дегенмен турнир кестесіндегі сегізінші орынды сақтап қалды.

Енді жерлестеріміз 20 тамызда елордада «Астанамен» шеберлік байқасады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<