«Қайсар» «Тобылды» жеңді

738

0

Қызылорданың «Қайсары» төрт ойын бойы жеңіске жете алған жоқ. Салдарынан турнир кестесінде төменгі орындарға түсіп, жағдайын біршама қиындатып алған еді. Жерлестеріміз ел біріншілігінің 18-турында Қостанайда «Тобылды» жеңіп, жанкүйерлерді қуантты. Жетінші орынға көтеріліп, қауіпті аймақтан қашықтай түсті. Тіпті жерлестеріміздің үздік бестікке енуіне мүмкіндік бар. Ол үшін алдағы ойындарда жеңіске жетуі тиіс.

Қостанайдағы кездесу белгіленген уақытынан кеш басталды. Ойыннан бұрын нөсер жаңбыр жауып, жасыл алаң футболшыларға қолайсыздық туғызды. Нәтижесінде төрешілер осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды.

«Тобыл» қазір Конференция лигасында сынға түсіп жатқандықтан «Қайсармен» ойынға аралас құрамды шығарды. Тәжірибелі футболшылардың дені қосалқы құрамда қалды.

Кездесу басынан тартысты өрбіді. Нәтижесінде 12-минутта қызылордалық Өркен Махан қарсыластар қақпасынан саңылау тауып кетті. Алаң иелері одан кейін таразы басын теңестіруге ұмтылғанмен, таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Екінші кезеңде «Тобылдың» қосалқы құрамда отырған тәжірибелі футболшылары жасыл алаңға шықты. Олардың тарапынан «Қайсар» қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырылды. Дегенмен қақпадан саңылау таба алмады. Есесіне қызылордалық клубтан Василий Совпель 71-минутта есепті үстемелей түсті. Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді.

Енді жерлестеріміз алдағы кездесуін 13 тамызда өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубымен өткізеді. Одан кейін 19 тамызда елордада «Астанамен» сынға түседі.

Аталған турда 5 тамызда «Каспий» «Ақсуды» 3:1 есебімен ұтса, «Жетісу» мен «Қызылжар» 1:1, «Шахтер» мен «Атырау» 2:2 есебіне қанағат білдірді. Сондай-ақ, 6 тамызда «Ақтөбе» «Қайратты» 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Аталған турдағы «Ордабасы» (Шымкент) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы) кездесуін 27 қыркүйекте өткізу жоспарланып отыр. Ал «Астана» мен «Оқжетпес» (Ақмола облысы) белгісіз мерзімге кейінге қалдырылған.

Ә.Тұрсынбекұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<