«Қайсар» «Тобылды» жеңді

1166

0

Сурет ашық дереккөзден

Қызылордалық «Қайсар» кейінгі алты ойынды нәтижелі өткізді. Үшеуінде жеңіске жетсе, қалғанында тең түсті. Нәтижесінде турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді. Алғашқы бестікте келе жатқан командаларға жақындап, жанкүйерлерді де рухтандырып келеді.

Өткен сенбіде қызылордалық клуб Қазақстан Премьер-лигасының оныншы турында Қостанайда жергілікті «Тобыл» командасымен ойнады. Қарсылас ұжым биыл бас жүлдеге үмітті. Десе де кешегі ойында олардың тым белсенділігі байқала қойған жоқ.

Кездесуде қарсылас командалар толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Кейбірінде сәттілік жетіспей жатса, енді бірінде қақпашылар әбжілдік танытты. Осылайша бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Екінші кезеңің алғашқы минуттарында «Қайсардың» белсенділігі айқын аңғарылды. Ойыншылар қос қанаттан шабуыл жасап, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Осындай сәттердің бірінде  Валерий Громыко өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермеді. Бұл – Беларусь футболшысының қызылордалық клуб сапындағы үшінші голы.

Ойынның 76-минутында қостанайлық командадан Ислам Чесноков таразы басын теңестірсе, 92-минутта «Қайсар» шабуылшысы Шохназар Норбеков жеңіс голын соғып кетті. Осылайша қызылордалық клуб қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетсек, ел біріншілігінде «Тобылмен» өткен кейінгі үш ойында «Қайсар» бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ.

Аталған турдағы өзге ойын нәтижелері төмендегіше: «Ордабасы» – «Жетісу» 3:1, «Тұран» – «Ақтөбе» 0:1, «Елімай» – «Қызылжар» 1:1, «Қайрат» – «Шахтер» 4:2, «Жеңіс» – «Атырау» 0:1.

Енді алдағы он бірінші тур ойындары 15 және 16 маусым күндері өткізіледі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<