Қайырымдылық – қайырлы іс

521

0

3 қыркүйек – Халықарылық қайырымдылық күні. Айтулы датаға орай өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Онда аймақ тұрғындарына әлеуметтік қолдау білдіріп, қиын сәтте қол ұшын созып жүрген қайырымдылық қорлары атқарған жұмыстарын саралады.

Брифингте ҚМДБ Зекет және Қайырымдылық қорының облыс бойынша өкілі Оңталап Жидебаев қор тарапынан жаңа оқу жылы қарсаңында облыстағы мыңға жуық әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыға көмек көрсетілгендігін айтты. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» мекемесімен бірлесіп атқарған бірқатар негізгі шараларын баяндады. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыс көлеміндегі мыңға жуық баланы мектеп сөмкелерімен қамтып, киім кешекпен жәрдемдескендігін жеткізді.

Өз кезегінде «Ел Арай» қоғамдық қорының төрағасы Асхат Байдаулетов қор тарапына жыл көлемінде игі іске 16 млн теңгеге жуық қаржы бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымның атқарған жұмыстарына тоқталды. Мәселен, осы жаңа оқу жылы қарсаныңда әлеуметтік тұрмысы төмен, арнайы атаулы әлеуметтік көмек алатын және аз қамтылған отбасылардың балалары (200 бала) оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұған қоса, 150 балаға оқу құралдарынан бөлек киім-кешек берілген.

Ал аймақта гуманитарлық салада белсенді жәрдемдесетін «Қызыл ай» қоғамының Қызылорда облыстық филиалы өткен жылы денсаулық жағдайымен тіркеуде тұрған азаматтарға медициналық заттармен 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетіп, әлеуметтік тұрмысы төмен 100 отбасына азық-түлік себеттерін таратқан. «Қызыл ай» қоғамы 2005 жылдан бастап Біріккен Араб Әмірліктерінің «Қызыл Жарты Айымен» бірлесіп Қазақстандағы жетім балаларды қаржылай қолдаудың арнайы бағдарламасын жүзеге асырған болатын. Бүгінде ел бойынша 3 мыңнан, ал біздің облыс бойынша 300-ден астам бала арнайы жәрдемақыны алып келеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<