«Қала әкімнің үйін жалға алдық»: Еркін Рақышев кино түсірудің қиындықтарын бөлісті

290

0

Фото: ашық дереккөз

Белгілі режиссер Еркін Рақышев кино түсірудің қиындығын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Менің өмірім” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Режиссер-сценарист ақпан айында “Жаралы сезім 2” фильмі жарыққа шығатынын хабарлады. 

– Кәсіби маман болмағасын, режиссер болуды интернеттен үйрендім. Құдай маған кино түсіре алатын талант беріпті. Алғаш рет кино түсіру үшін қаражатым болмады. Үйімді кепілге қойып, несие алғанмын. Әйелім қатты қорықты. Содан кейін менің атыма ешқандай жылжымайтын мүлік жазбайтын болды. Несие алғаннан соң енді не боларын мүлде білмедім. Сөйтіп жүріп “Жаралы сезім” фильмін түсірдік. Жобаны аяқтағаннан кейін ақшасын шығарып алуды ойламадым. Басты арманым мен мақсатым – режиссер болу. Жалпы, өзім елге белгілі адамдармен өте көп араласқанмын. Сондай жандардың бірі – сол кездегі қала әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов. “Жаралы сезім” фильмінің шығуына қосқан үлесі зор. Кино түсіру үшін үйін жалға алуға рұқсат етті. Одан кейін фильмнің тұсаукесерін жасағанда 300 доллар бергені есімде. Бір күні тұсаукесерге керек құрал-жабдықтарын алып келген жігіт: «Мына фильмді біздің кинотеатрда көрсетейік, күніне бір адамнан 100 теңге беріп отырамын» деп ұсыныс тастады, мен басында түсінбей, артынан келістім. Бірінші күні киноға 7 адам келді, мен 700 теңге алдым. Ойлансам, билет құны 800 теңге, менің алатыным 100 теңге, екінші күні 25, үшінші күні 30 адам келді. Киноны мен түсіремін, бірақ пайданың көп бөлігін басқа адам алады. Бұл дұрыс емес қой деп ойланып, жаңағы жігітпен сөйлесіп, 50/50-ге бөліп, ақшамды шығарып алдым. Сол кезде режиссер боламын деп түбегейлі шешім қабылдадым, – дейді әуесқой режиссер.

Сонымен қатар өнер иесі алғаш рет отбасы туралы да сыр шертті. 

“Түлкібас өңірінің тумасымын. Әйелім, үш балам бар. Алдымен базарда сауда жасағанмын. Ақшаны үйге қаппен алып келемін. Бір күні кешке үйге келсем, жұбайым өзбектің «Фатима-Зухра» деген киносын көріп, жылап отыр екен. «Тамақ сал» десем «дайын тұр, өзің іше берші» деп жауап берді. Қатты ашуланып кеттім. Тамақтанып болып, “мына киноны мен одан да күшті етіп түсіре аламын” дедім. Әйелім де қайтпай: “Алдымен түсіріп алшы” деді. Әбден жаным келді. Күні бойы ашуланып жүрдім. Содан көп ұзамай, «болды бұдан былай сауда жасамаймын, кино түсіремін» дедім. Сол күні кешке базардағы барлық нүктені сатып, кино индустриясын зерттей бастадым», – деп еске алады өнер иесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<