«Ойпырым-ай, ә! Ойпырым-ай!». Осы одағай сөз соңғы уақыттары Жуасбайдың тіл ұшына жиі үйірілетін болды. Бұлай болатын да жөні бар. «Апыр-ай, ә! Ойпырым-ай, ә»! – деп таңғалмай көріңіз қазір. Таңғаласыз. Еріксіз, еркіңізден тыс таңғаласыз. Себеп? Себеп көп. Өте көп.
Жуасбайдың таңғалуы дәл қазір емес, бұдан біраз жыл бұрын басталған. Бес қыздан кейін өліп-талып, Аллаға жалбарынып жүріп көрген жалғызы – Жеткергенінің жұмыс бабымен қалаға қоныс аударған. Сөйтсе, бұл жақта қызық. Бала мен келін айлықтарын, ал шамалыдан соң бұның кемпірі екеуінің де зейнетақысын бәңкі дей ме, бәңкәмәт дей ме, сондай бір жәшіктерден алады екен. Апырым-ай! Осындай да қызық болады екен-ау, ә?! Бұл не деген кәрамат десейші! Ең әуелі бұл «кәраматты» келіні Әсел көрсеткен. Таңертеңгі шайдың үстінде Жуасбай:
– Бүгін жексенбі ғой, базар қызатын шығар, барып жұртты көріп қайтайын, әрі майда-шүйде, керек-жарағымды алайын, маған бес-он теңге болса бер, –деді кемпірі Дәмегүлге қарап.
– Менде көк тиын жоқ, – деді Дәмегүл кесесін дастарқанға қоя беріп. – Арғысын айтпағанда, осы жетінің өзінде екі бесіксаларға, Бибіжанның қызын ұзатуға, Айымкүл құрдасымның жетпіске толғанына барған жоқпын ба? Бәріне де құр қол бара алмайсың. Өзімнің де дымым қалмады. Бір басталса осындайдың тығыны ашылып кететін әдеті. Әй, бірақ, той ғой әйтеуір. Тапқанымызды осындай қызықшылықтарға жарата берейік те.
– Ата, менде де ақша болмай тұр, – деді келіні енесінің ұзатып барып қайырған уәжі біткен кезде. – Ботантай мен Алуашканың апайлары сыныптарын сырлауға ақша жинап, соған бердім. Алдыңғы күні жұмыстан қайтарда нан, рожки, жұмыртқа мен сары май ала келдім.
Әсел сәл-пәл ойланып қалды.
– А-а, айтпақшы, ата, – деді сосын қуанып. Өткендегі пенсияңыздан қалған шамалы ақша бар ғой. Қазір сізбен бірге шығып аптектегі банкоматтан алып берейін де.
– Балам-ау, демалыс емес пе, оның жабық шығар?
– Жо-жоқ, ата, банкомат демалыс күндері де істей береді.
– Қалай сонда, бәңкәматтың адамдары демалмай ма? Жексенбі күні де ақша бере бере ме?
– Ата, онда ақшаны адамдар бермейді, банкоматтың өзі береді.
– Түсінбедім, балам, түк түсінбедім.
– Қазір көресіз, ата. Мен әуелі, ұмытпай тұрғанда, карточкаңызды алып алайын.
Келіні шайдың соңын енесіне қалдырып, орнынан тұрды. Екеуі жылдам киініп сыртқа шықты. Онша көп жүрген жоқ. Бірер көшені қиып өтіп, ұзын жолға бұрыла бергенде дәл алдарында шағын ғана дәріхана үйі тұрды.
– Мынаның есігі жабық қой.
Жуасбайдың ішінде: «Айттым ғой жаңа саған, демалыс күні қайдағы ақшаны алайын деп жүрсің» деген ой да жоқ емес.
– Мұнда келіңіз, ата!
Келіні үйдің қабырғасында лып-лып, жып-жып етіп тұрған телевизор сияқты бірдеңеге жақындай берді.
– Банкомат деген осы, – деді ол. Сөйтті де қалтасынан кішкене кәртішкені алып моншақ тәрізді титімдей көк шамдары жанып тұрған бір сызыққа тигізді. Сол-ақ екен анау жемтігін қылғытқан құрбақадай қылқ еткізіп кәртішкені жұтып жіберді.
– Енді сіздің ПИН-кодыңызды тереміз, – деді Әсел түсіндіруін одан әрі жалғастырып. Бірақ бұның бірдеңе түсініп тұрғаны шамалы.
Келіні пиқ-пиқ еткізіп алдындағы түймедей темірлердің бірінен соң бірін баса берді. Ол басқан сайын «телевизордың» бетіне неше түрлі жазулар шығады.
– Міне, енді ақшаны аламыз.
О, тоба! Келіні қолын тоса беріп еді, бір қақпақ ашылды да, қып-қызыл ақшаны итеріп кеп жіберді. Ойпырым-ай, ә! Ойпырым-ай! Мұндай да болады екен, ә! Жуасбай өз көзіне өзі сенбеді. Таң қалғаны сонша, аузы ашылып, кірпік қақпай, қимылсыз қатты да қалды. Өстіп тасмүсін сияқтанып тұрғанда келіні:
– Мінеки, ата, он бес мың теңгеңіз, – деп қолына қызылқұлақтарды ұстата салды.
– Балам-ау, мынау шыннан да ақша ғой! Кәдімгі ақша!
– Иә, ата, осы айдағы пенсияңыздың қалғаны. Базарыңызға бара беріңіз енді. Жүріңіз, ана жақтан сізді автобусқа мінгізіп жіберейін.
Келіні көлікке мінгізуін мінгізді, бұл базарға баруын барды-ау. Бірақ мандытып ештеңе бітірмеді. Дұрыстап аралаған да жоқ. Үйге кіріп-шыққанда киетін бұзаубас галоштан басқа зат ала алмады. Өйткені, бар ойы базарда емес, әлгі ақшада болды. Келіні қолын тосқан кезде «мә» деп бере қойған банкоматта болды.
«Ойпырым-ай, ә! – деп ойлады жаяу қайтып келе жатып. – Ойпырым-ай! Мұндай да ғажап болады екен. Ғажап қой, шыннан да ғажап! Балаларының «ақшаны бәңкәматтан аламыз» дегендерін еститін еді, бірақ соған онша мән бермепті. Енді, міне, көзімен көрді. Иә, көзбен көріп, қолмен ұстағанның жөні бөлек. «Жүре берсең, көре бересің» деп бекер айтпаған ғой бұрынғылар».
Ол өстіп таңғалу сезімінен арыла алмай, айран-асыр қалып келе жатты. Банкомат берген ақшасын қалтасынан алып, бір-екі рет көріп қойды. Кәдімгі күнде ұстап жүрген теңге. «Е-е теңге, теңге… бүйтіп оңайлықпен қалтаға түспейтін едің, сен…» Осы сәт Жуасбайдың көз алдынан өздерінің ауылда кезекке тұрып зейнетақы алатын кездері көлбеңдеп өтті.
Ол бір елдің де, жұрттың да берекесі кеткен, киер киімді былай қойғанда, ішер ас табудың өзі мәселе болып қалған қиындау уақыт еді. Ауылдың тепсе темір үзетін ер-азаматтарының бәрі екі қолдарын қалталарына салып сенделіп жүр. Жұмыс жоқ. Дүкен сөрелері жылан жалағандай. Бұрынғы қап-қап күрішке толып тұратын қойма, сүтті бұлақтай ағызып отырған ферма, бөлке-бөлке нан шығаратын наубайхана – бәрі-бәрі жабылған. Жабылмаған тек мектеп пен шағын аурухана ғана. Ондағыларда да жөнді айлық жоқ. Шал-шауқан мен кемпір-сампырлар да үш-төрт айды артқа тастап, пенсияға әрең қол жеткізеді. Ал енді сол пенсия беретін күнгі «қырғынды» айтпа. Қырғын, шыннан да қып-қызыл қырғын болатын. Айқай да сол жерде, ұрыс-керіс те сол жерде, боқтау да, балағаттау да сол жерде. Азанғы шайыңды ішер-ішпестен, ертелетіп барып өшірет алғаныңнан не пайда, кімнен кейін кім екені анықталынып, бір-бірімен келісіп, әп-әдемі болып тұрғандар поштадағы ақша беретін келіншектің төбесі көрінісімен әй бір жанталасады дейсің.
– Мен біріншімін!
– Жоқ, мен біріншімін!
– Әй, Сапаш, не деп тұрсың, сенің келгенің жаңа ғана емес пе?
– Онда жұмысың болмасын!
– Әй, жолдастар, мен келгенде осы жерде жан баласы жоқ тұғын, сондықтан мен бірінші алам.
– Ой-бу, мен сиырымды да саумай келіп едім, әуелі мен алып кетейінші!
– Оразамызды да ашпай келіп тұрмыз ғой, шамалы шыдасаңдар қайтеді?!
– Оу, ағайындар, жаңа келіспеп пе едік, кімнен кейін кім екенін. Енді бұларың не, тәртіп сақтасаңдаршы.
– Әй, Пірман, тәртібің өзіңе, саған ұқсап сыпайылық сақтап тұратын жағдай жоқ, етсіз тамақ жеп отырғанымызға бір ай болды.
Аядай жер ызы-шу, қым-қуыт. Бір кезде иін тірескен топтың арасынан таласып-тармасып ақшасын әзер алған алғашқы зейнеткер де шығады. Сол-ақ екен, қолдарына сала-құлаш тізімдерін ұстап дайын тұрған қыз-келіншектер қасына жетіп барады.
– Әке, өткенде менен насыбай алып едіңіз ғой, соның ақшасын беріңіз.
– Әке, сіздің үйдегі Балжан әжем алты жүз теңгеге шемішке май алған.
– Ата, маған сегіз жүз теңге бересіз, Қанат балаңыз футболкі мен шұлық алған.
Саудагерлер қарыздарын алып бола бергенде, келесі екі бірдей қария теңгелерін ұстап шығып келе жатады.
– Әке, апа, тұра тұрыңыздар, – деп енді олар Мәуебай шал мен кемпірі Қалипаның алдын кес-кестейді.
– Мен әнеукүнгі шайдың ақшасын алайын деп ем.
– Иә, қарағым, шайың жақсы шығады екен, қанша берем?
– Қалипа апа, келініңіз жүз елу теңгеге пешеней алып еді, соны…
– Қайдағы пешеней? Ешқандай пешеней көрген жоқпын, білмеймін.
– Қойыңыз, апа, міне, жазулы тұр ғой…
– Апа, менен бес келі рәшки алғансыз…
– Әй, кемпір, бер мына балаға рәшкиінің ақшасын, оны көрдік.
Мұндайда Жуасбай «бірінші, екіншімін» деп кезекке таласып, жұртпен алысып-жұлыспайды. Сол жердегі орындықтардың біріне жайғасып алып, әліптің артын бағады. Сөйтіп отырғанда түскі шайдың уақыты болады. Ақша беруші Нәбира:
– Болды енді тұрмаңыздар, әбетке кетем, – дейді.
Сол-ақ екен:
– Қызым-ай, маған беріп жіберші, түстен кейін тағы әуре болмайын.
– Мен де алып кетейінші, белім жарамай зорға келдім.
– Ойбай-ау, таң азаннан қақиып тұрмыз, сонда алмай кетеміз бе?
– Нәбиражан, мен үштегі автабозбен қалаға баратын едім, беріп жіберші енді.
– Мен де жолға шығам, мен де алып кетуім керек! – деген дауыстар жаңбырша жауады. Бірін-бірі итермелеп, өңмендеген қимылдар үдей түседі.
– Жоқ! Жоқ! Шығыңыздар! Шығыңыздар! Жабам. Түстен кейін келіңіздер!
Осылай деп қолына кілтін ұстап сөренің бергі жағына өткен Нәбира енді қарияларды шығара алмай әуреге түседі.
Жуасбай көбіне түстен кейін де, тіпті кешке дейін де ақшасын ала алмайды. Сосын ертеңіне, болмаса оның да ертеңіне барады. Сол кездері рахат. Кешегі, алдыңкүнгі «соғыс» жоқ. Тыныштық. Екі-үш адам ғана жәйі-ме-е-ен, мәдениетті түрде тиын-тебендерін алады. Ал кейде бұның бір өзі ғана болады. Ондайда пошташы екеуі аз-кем тілдесіп қалады. Бірде қағазға қол қойдырып жатып Нәбира:
– Жуасбай аға, сіз байсыз, ә? – деді.
– Қалай? – деді бұл таңырқап.
– Үнемі жұрттың ең соңынан келесіз. Соған қарағанда сізге ақша керек емес-ау?
– И-и, қарағым-ай, әуелгі күндері алғаннан не пайда? Жүр ғой анау Сапаш та, Әжтай да, Пішенбай да: «Көк тиын қалған жоқ, сап қылдық» деп. Менікі, міне, өзіңде тұр. Әлі мұрты бұзылған жоқ. Жақсы емес пе?
– Ой, аға-ай, аға-ай, әулиесіз ғой! Міне ақшаңыз, санап алыңыз!
– Тәйт, санағаны несі? Санауды сенен артық біледі дейсің бе?
– Сонда да. Саудадағы сияқты ақшада да достық жоқ, аға.
– Мә, одан да мына бір-екі майданы өзіңе алып қал.
– Ойбай, қойыңыз, аға, бұныңыз не?
– Жо-жоқ, қалсын, қалсын. Сен пенсия алмайсың ғой.
Жуасбай бірер сарықұлақты сөренің үстінде қалдырып кетіп бара жатты. Нәбира дереу орнынан тұрып:
– Аға, аға, ақшаңызды… дей берген кезде бұл:
– Қарағым, анау Бозымбектің қызы ащы кәмпит сатып жүр. Содан алып, ащылап бір шай ішсейші, – деп тез-тез басып шығып кеткен.
Міне, осындайда күндер өткен… «Е-е-еh!» Жуасбай демін ішіне тартып ауыр күрсініп жібергенін байқамай да қалды. Сәл аялдап, тыныс созды. Жан-жағына қарады. Ой құшағында біраз жер жүріп тастапты. Енді үйі де алыс емес.
«Ойпырым-ай, ә! – деді ол қайтадан банкомат есіне түсіп. Ойпырым-ай! Мына бәңкәматтың қызығын-ай! Мұндай да қызық болады екен!».
Бұл – аядай ауылынан қарға адым ұзап шықпаған, күріш егіп, кетпен шапқаннан басқаны білмеген Жуасбайдың таңғалуының алды екен. Сонан кейін-ақ үйдегі балалары мен немерелері кәраматтың небір түрін көрсетіп, мұны онан сайын қайран қалдыра берді.
Не жалғасып жатқан сымы жоқ, әуеден тартады дейтін не телевизордыкіндей қалқан құлақты құрылғысы жоқ, қалтаға салып жүріп-ақ керек кезінде оймен де, қырмен де сөйлесе беретін ұялы телефонға таңғалып жүргенде бір күні Жеткерген компьютер сатып әкелсін. Онысын және жеделдетіп «интернет» дегенге қоссын. Міне, қызық! Қызық болғанда да нағыз қызықтың көкесі! Апырым-ай, онда не жоқ дейсің? Дүниенің бәрі бар екен, бәрі. Әуелгі кезде бұл компьютермен ұлының түп-түзу қылып, тасқа басқандай етіп жазу жазып отырғанына таңғалушы еді, сөйтсе ол ештеңе емес екен. Жеткергенжан қолы қалт еткенде көрсетті. Неше түрлі ойын да, концерт те, кино да, кітап та, жер-жердегі хабар-ошар да, қойшы, әйтеуір, адам жанынан басқаның бәрі бар екен. Қалай таңғалмассың?! Бұл бұл ма? Тағы біршама уақыт өткенде әуелі келін мен ұл, сонан соң олардан қалмай қыңқылдап жүріп Ботантай мен Алуаш та телефондарын жаңартты. Бұрынғылары кішкентай, иіссабынның көлеміндей ғана тұғын, ал мыналары қолақпандай, тура кірсабынның жұқасындай. Ал әлгі компьютердегі кәраматтың бәрі енді айфон дей ме, жайфон дей ме, сол кірсабындай телефондардың ішіне көшіпті. Саусағыңның ұшын тигізіп қалсаң бітті. Алақандай терезесінен жыпылдатып көрсете жөнеледі. О, Құдірет! Төрткүл дүниенің тынысы адамның қолында тұр! Бұл не деген ғажап! Тіпті айтуға тіл жетпейді. Бұған қалай таңғалмассың?!
Жуасбай қалаға келгелі бері осындай ғажаптарды, әсіресе, соңғы кездері, жиі көретін болды. Соған орай «ойпырмайлатуы» да көбейе түсті. Өткенде Ботантай екеуі шаhар орталығындағы үш қабатты үлкен дүкенге барды. Міне, қызық! Бұлар есікке тақай беріп еді, жалтыраған жалпақ әйнек ортасынан қақ жарылып өзінен-өзі сырғып ашылды. Ешкім итерген жоқ. Ешкім тұтқадан ұстап тартқан жоқ. Өзінен-өзі ашылды. Таңғалып, селтиіп тұрып қалған мұны Ботантай «Жүріңіз, ата!» – деп қолынан ұстап ішке кіргізді. Мәссаған! Тап алдарында мөлдір моншақтарын жоғарыға атып, күміс тамшыларын тынымсыз шашқан субұрқақ тұр.
– Өй, Ботанжан, мына қара! Мына қара!
– Ата, тыныш, мен бұны білем ғой, бүгін сізді көрсін деп әдейі ертіп әкелдім. Апам, әжем, Алуашка үшеуі ылғи да келеді осында. Бұл жаңадан ашылған мегаорталық.
– А-а, әлгі әжең де көрді ме мұны? Қарашы-ей, оның пысығын.
– Иә, ата, әйелдер магазинді көп аралайды ғой.
– І-і…
– Жүріңіз, ата, әуелі мен рюкзагымды қояйын, әйтпесе ішке кіргізбейді.
– Қайда қоясың, Ботанжан-ау, біреу алып кетпей ме?
– Жо-оқ, ата, ешкім де алмайды.
– А-а, сөмкелерді күзететін қарауыл бар ма?
– Жо-оқ, қарауыл емес…
Екеуі субұрқақты айналып оң жаққа өтті де, бір қабырғаны тұтастай алып тұрған сары қаңылтырдың жанына келді. Әр-әр жерде бір-екі адам ғана көрінеді. Олардың да ешкіммен шаруасы жоқ сияқты. Өз-өздерімен бірдеңе істеп күйбеңдеп жатыр. «Құдай-ау, сонда рөкзакты қайда қоямыз? Бұл жерде я бір ілгешек, я бір үстөл көрінбейді ғой» деп ойлады бұл.
– Ата, бері қараңыз, – деді осы кезде Ботантай. Сөйтті де сұқ саусағымен бір қызыл түймені басып қалып еді, жандарынан сарт етіп бір қақпақ ашылды.
– Астапыралла!
Бейқам тұрған Жуасбай шошып кетті.
– Қорықпаңыз, ата, – деді Ботантай қызыл түйменің астынан сумаң етіп шыға келген тілдей қағазды алып жатып. – Біздің жәшігіміз ғой.
Қызығы, Ботантай рюкзагын қойып, есігін тырс еткізіп жауып еді, енді ол жәшік емес, тұтас бір темір қабырға болды да қалды.
– Сонда, – деді бұл таңданып. – Сонда мына ұзыннан-ұзақ болып тұрған сары қабырғаның бәрі осындай жәшік пе? Бәрі ашыла ма?
– Иә, бұл жерде кемі үш жүздей жәшік бар.
– Ойпырым-ай, ә!
Екеуі көп кідірмей, сәлден соң жоғарыға көтерілді. Қалай көтерілді дейсіз ғой. Жәй, кәдімгі баспалдақпен бе? Жо-оқ. Тоқпен жүретін баспалдақпен! Ал, таңғалудың көкесі керек болса! Жуасбай тоқпен жұмыс істейтін біраз нәрсені білетін еді. Бірақ тоқпен жүретін баспалдақтың болатынын білмейді екен. Естімепті де.
Сәбиді алақанға тұрғызып көтергендей етіп жоғарылататын сол ғажайып басқышпен әуелі екінші, содан соң үшінші қабатқа бұлар бекер шықпапты. Бұл жерде сауда-саттық емес, түрлі ойындар бар екен. Кішкене рельстермен зуылдаған пойыздар да, ирелең-ирелең етіп жүретін тізбектелген жылан мүсінді мәшинелер де, шеңбер жасап айналатын әткеншектер де, үстіне шығып ұшып-ұшып секіруге болатын үрлеген резеңкелер де осында. Бірақ Ботантай олардың ешқайсысына мінген жоқ. Балалардың көңілді ойындарына қарап отырды да шамалыдан соң:
– Жүріңіз, ата, кафетерийге барып пицца жеп, сусын ішейік, шөлдеген шығарсыз, – деді.
– Балам-ау, оған ақшаң бар ма, мен ештеңе алып шықпап едім.
– Түк те қысылмаңыз, ата, ақшам бар, кеше әкемнен сізді қыдыртамын деп сұрап алғанмын.
– А-а. Мұның жөн.
Екеуі томпақ-томпақ орындықтары мен үстелдері бар шап-шағын, жап-жайлы жерге келіп отырды. Сол-ақ екен алдына жиегі ирек-ирек, дөңгелекше, аппақ алжапқыш байлаған, басына аппақ қатырма қалпақ киген еліктің лағындай, сүп-сүйкімді бір қыз жандарына жетіп келді. Қолында құйттай қағазы мен қаламы бар.
– Здравствуйте! Что желаете?
– Здравствуйте! Нам две пиццы, дедушке – чашку кофе с молоком, а мне – стакан кока-колы.
Қыз қағазына түртіп-түртіп алды. Жуасбайдың аузы ашылды да қалды. Еліктің лағындай сүйкімді қызға емес, немересінің орысша сөйлегеніне. Оны және тап орыс сияқты айнытпай айтқанына.
– Ботанжан, сен орысша біледі екенсің ғой, ә! Оны қалай үйреніп жүрсің?
– Ой, ата, қалада орысша білмесең болмайды. Мектебіміздің жартысы орыс кластары. Сондағы балдармен ойнап, сөйлесіп үйрендім. Қазір ағылшынша үйреніп жүрмін.
– Мәләдес, менің балам!
Немересінен қалғысы келмегендей, Жуасбай өзі білетін жалғыз ауыз орысшасын айтып салды. Өстіп отырғанда подносын көтеріп сүйкімді қыз келді. Екеуінің алдына тәрелкеге салынған екі күлше мен сусындарын қойды.
– Приятного аппетита! – деп басын сәл-пәл иіп, күлімсіреді. Сөйтті де, бұрылып жүре берді.
– Ойпырым-ай, мынау қандай жақсы бала, танымайтын адамдарға да елпілдеп, иіліп тұр ғой. Бірақ неге қазақша сөйлемейді екен, ә? Өзі қазақ емес пе? –деді Жуасбай таңданып.
– Иә, ата, қазақ қой. Қаланың қыздар, балдарының көбі өйстеді. Орысша сөйлейді.
– Сонда олар үйінде, әке-шешелерімен де орысша тілдесе ме?
– Иә, олардың өздері де, әке-шешелері де қазақша айтпайды, тек орысша.
– Неге?
– Моды ғой. Қазақ қыздар, балдардың көбі қазақша білмейді де.
– Апыр-ай,ә! Бұл қалай болғаны? Бұл дұрыс емес қой, дұрыс емес!
Жуасбай басын еріксіз шайқай берді.
– Жарайды, ата, пиццамызды жейік.
– Иә, иә, ала бер, балам, мен қазір…
Қария көпке дейін біртүрлі болып отырды. Таңғалғаны сонша, тіпті дәмге тәбеті болмай қалды. «Жастардың бұлары несі? – деп ойлады. – Қазақ бола тұрып қазақша білмегені, қазақша сөйлемегені несі? Біздің Ботанжан сияқты орысшаны тек керек жерінде ғана айтпай ма? Бәрі теледидарда көрсететіндей үлкен қалалардағы үлкен-үлкен жиналыстарға қатысып жатқан жоқ қой, орысша сөйлейтін. Олар секілді дәу бастықтар да емес. Жаңағы қыздыкі не? Түр-түсі әп-әдемі болғанға сүйсініп қалып едім. Қазақтың кәдімгі қараторы қызы. Сөйтіп тұрып, өзінің тілі жоқтай, көк көз, сары орыстың тілінде сөйлегені несі? Ойпырым-ай! Ойпырым-ай!»
Жуасбай мұндай күймес, мұндай таңғалмас. Манадан бергі қызықтардан алған әсерін, көтерілген көңілін мына бір туған тілін білмейтін шөпжелкенің су сепкендей басқаны-ай! Тіпті өзін жеккөріп кетті. Ыдыстарын жинастырып, ақшасын алып жатқан кезде жаңағы еліктің лағындай қыз енді көзіне түлкінің жәудірі сияқты болып көрінді. Сүйкімділіктен де жұрдай.
Ботантайдың атасының бұл бірінші рет күйінуі, жыны келіп тұрып қайран қалуы емес. Қалаға келгелі көңілге қонымсыз, миға сыйымсыз, көзге қораш, жо-жоқ қораш қана емес, көрер көзге ұят, әбестік, дарақылық, анайылықтың небір түрін көріп жүр.
Ойпырым-ай, бұл жақтың жастарында ұят деген болмайды екен. Келін мен бала жұмыстарына, немерелері мектепке кеткен кезде, бұл кемпірінің бетіне қарап қашанғы отырсын, «қой, бір мезгіл бой сергітіп, ауа жұтып келейін» деп үй жағындағы жасыл желегі жайқалған саябаққа барған. Масқара! Мұндай масқараны кім көрген?! Осынша жасқа келгенше Жуасбай тапа-тал түсте, әрлі-берлі жүріп жатқан адамдардың көзінше, құшақтасып, сүйісіп, естерінен танғандарды көрмепті. Алғашында «бұлар не істеп жатыр?» деп ыңғайсыздау отырып, ыңғайсыздау қимылдаған екеудің жандарына жақын барып қарамай ма? Сөйтсе, құрысын, құрысын! Атама! Ой, атаңа нәлеттер. Жартылай жалаңаш жалбыр шаш қыз жігіттің жуан санына алшиып отырып алыпты. Ауыздары ауыздарына жабысып қалған. Қолдарының жүгірмей жатқан жері жоқ. Ыңқ-мыңқ, ыңқ-мыңқ. Өй, көргенсіздер! Жандарына адам келіп тұр ма, мал келіп тұр ма, бәрібір. Қыңбайды. Айылдарын жимайды. Мұнан әрі қарауға жүзі шыдамаған бұл дереу бұрылып, басқа бағытпен жүре берген. Көп ұзаған жоқ, алдынан дәл сондай жабысқан екеу тағы кезікті. Енді оларға жақын барған жоқ. Өйткені түсінікті. Құрысын пәлекеттер. Теріс қарап, тез-тез басып тұстарынан өтіп кетті.
Осыдан кейін Жуасбай сол саябаққа бармайтын болды. Әлгі ұяттан безгендерді көрмейін деп. Сөйтсе, жалғыз ол жер емес, адам демалып, серуендеуге арналған басқа да орындарда, тіпті көшелердің қақ ортасында тұрып-ақ, уыздай жас қыздар мен балаң жігіттер құшақтасып, аймаласып, айылдарын жимай тұра береді екен.
Ойпырым-ай, бесіктен белі шықпаған, ұяттан жұрдай мына ұл-қыздарды да ата-ана тәрбиелеп, өсіріп отыр-ау, ә? –деп таңғалады бұл.
Көше демекші, қала көшелерінен тағы бір ыңғайсыз нәрсені байқап, қарадай күйінді. Жаз шығып, аптап ыстық басталар-басталмастан-ақ еркек атаулының біразы шалбарларын сыпырып тастайды екен. Үлкені де, кішісі де балақтарын ит жұлып алғандай шолтиған, тыртиған шолақ шалбарға шығады. Ұят-ай! Аяқ-қолдары түп-түзу, сәмбі талдай солқылдаған жастар кисе бір сәрі. Ой-бүу, қарындары қара қазандай төңкерілген, денелері іркілдеп, аяқтары қисайған қасқа маңдайлар мен жалтыр бастар киіп, әжуа болып жүр ғой. Балтырларының жүндері шуда-шуда мұндай шортикті шалдар мен жігіт ағаларын көргенде, бұл жерге кіріп кете жаздайды. Сосын ойлайды: «Апырым-ай, бұл шіркіндердің қыздары мен келіндері, апа-қарындастары бар емес пе, солардан қалай қымсынбайды? Мына көшедегі қаптаған халықтан ше? Көпшіліктен ұялып, көпшілікті сыйласа нетті?!»
Осындайда есіне түседі. Жазды күндері киіз үйдің іші ысып, қайнап кететін әдеті. Мұның да денесінің қызуы қайтпаған нарттай жігіт кезі. Жеткергені әлі дүниеге келмеген. Үйелмелі-сүйелмелі қыздары бар. Біледі, әкесі дала түгілі үйдің өзінде жеңіл-желпі, олпы-солпы киініп жүргенді жақтырмайды. Бірде күн тіпті ыңғайсыз ысып, тұла бойы күйіп бара жатқасын шайға мәйкішең келіп отыра бергені сол еді, әкесі:
– Ой, тәрбиесіз, екінші мынадай жалаңаш түріңді көрмейтін болайын, қыздарыңнан ұялмайсың ба? – деп қамшымен арқасынан тартып-тартып жіберді. Сөйтсе, бұл ұмытып кетіпті, бір рет дастарқан басына трико шалбармен келгенде, әкесінің үнемі жанында жататын қара қамшысы май құйрығын дызылдатқан. Ал жауырынның жөні бөлек екен. Жанын көзіне көрсетіп, удай ашыды. Содан қайтып бұл ыссыламақ түгілі, пісіп қалса да жеңіл киіммен жүрмейтін болды.
Ауылда бұлардың Нүсіпбек деген туысқан әкелері болып еді. Үстінен түйе өтіп кетсе де мыңқ етпейтін момын. Сол Нүсіпбек әкенің аузынан Жуасбай қазір айтып жүрген «Ойпырым-ай» сөзі түспейтін. Бұлардың үйіне жиі соғатын еді. Ол кезде әке-шешесі бар. Бұл – жас. Үлкендердің сөзіне онша зейін қоймайды. Соның өзінде байқайтыны, Нүсіпбек әке көбіне тыңдаушы. Онша әңгіме айтпайды. Айта қалғанның өзінде қысқа сөйлейді. Қызығы, өзі сөйлесе де, кісінің әңгімесін тыңдап отырса да, «Ойпырым-ай, ә! Ойпырым-ай, ә!» деп таңданумен болады. Тіпті орнынан тұрып жатып та, «ойпырмайын» бір рет айтып қалушы еді, жарықтық.
Жуасбай осы күні ойлайды: Сол Нүсіпбек әке не нәрсеге таңғалып «Ойпырым-ай» деді екен? Ол кезде қазіргі «кәраматтардың» бірі де жоқ қой. Бәңкәмат та, компьютер де, айфон да, тоқпен жүретін баспалдақ та, тұтқадан тартпай-ақ өзінен-өзі ашылатын есік те, ештеңе де жоқ. Әлде сол уақыттың өзінің адам таңданатын қызықтары болды ма? Мәселен, ақ-қара түспен көрсететін телевизор, қарыстай құралын дөп-дөңгелек табақшаның бетіне қойып айналдырсаң әндете жөнелетін ойнатқыш сандықша, әр үйдің қабырғасында сайрап тұратын радио, баяғыдай шоқпен емес, тоқпен қызатын үтік, тоқ шәйнек, тоқ тапа.
Міне, осындай жаңа дүниелерге таңғалғанда Нүсіпбек әкенің тіл ұшына «Ойпырым-ай» оралды ма екен? Жоқ әлде Жуасбайдың күйіп кеткенде айтатыны сияқты, ол кісінің де аузына, өз уақытының кеселді, жағымсыз жайттарын көргенде, осы сөз еріксіз түсті ме екен? Кім біліпті. Мүмкін таңғалып қуанғаннан гөрі, наразы болып, қынжылған кездерінде көп айтқан шығар. Өйткені «Әр заманның өз сұрқылтайы бар» дейді ғой.
Ойпырым-ай, ә!
Несібелі РАХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<