Қалаға жаппай қоныстану қандай мәселелер туындатады?

875

0

Фото: ашық дереккөз

Кейінгі уақытта ауылдағы кей ағайынның арманы – қалаға көшу. Ойласа, жақсы тұрмыс, жайлы жай осында екен. Тіпті жылдан-жылға жалғыз сиыр, жалқы қойын сатып, амалдап шаһарға жеткендердің саны да артып келеді. Бұл – Қазақстанға ғана тән құбылыс емес, әлемдік тенденция. Бірақ өзгерісті қала ахуалы көтере ме? Қалаға қоныстанғандардың бас ауруына айналған баспана мен жұмыссыздық мәселесі қаншалықты шешім тапқан? Сұрақ көп.

Жалпы «миллионер қала» атанған үш шаһар – Астана, Алматы, Шымкенттің өзіндік даму жолы, архитектуралық ерекшелігінің урбанизацияны ілгерілетуге көмегі зор. Әсіресе, қаладан тысқары жерде ауыл типтес ықшам аудандардың шоғырлануы, біркелкі коммуналдық келеңсіздіктерге дейін ортақ мәселеге айналған. Мұның өзі елдегі қала ахуалына ерекше көңіл бөлу керегін көрсетіп, жаңа жобаларды талап еткені анық. Осы орайда Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарына көңіл бөлген жөн. Онда жетекші жеті реформаның ішінде «Қуатты аймақтар мен урбанизация» атты арнайы жоспар белгіленген. Жоспарлы урбанизация сәтті жүзеге асса, аймақтардың экономикасы өркендеп, ІЖӨ-нің дамуына да сеп болмақ. Қарапайым сөзбен айтқанда, урбанизацияны өрістетуге экономикалық тұрғыда тәуелдіміз.

Мамандар 2025-2030 жылдарға қарай Қазақстан халқының 63 пайызы қалада тұрады деген пікірде. Оған ішкі миграция мен моноқалалардың дамуын қоссақ, алдағы онжылдықта нәтижелі көрсеткішке қол жетпек. Оның үстіне урбандалған қоғамда тың мәдениет түзіліп, адамдардың әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндік ашылады. Жаңа технология, қажетті кәсiп көркейіп, өндірістік қуат инновациялық игілікке ұласады. Ұтымды тұсы – осы. Тек аталған процесті бақылау, арнайы бағдарламалар легін тоқтатпау қажет. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Ғылыми зерттеулерді үйлестіру» бөлімінің басшысы, философия докторы (PhD) Айнұр Монтаева мынадай пікір білдірді:

– Көп жағдайда адамдар қалаға жалақысы жақсы жұмыс іздеп, бір жағы балаларының болашағы үшін көшіп келеді. Алайда қалаға көшіп келген елдің жағдайы анау айтқандай мәз емес. Өйткені, қымбатшылық пен баспананың болмауы, жалақының тек азық-түлік пен пәтерді жалға алудан артылмауы көпті қажытып жүр. Осы үдере көшудің салдарынан алдағы жылдары ауылдарда егін егіп, мал бағатын адам азайып кету қаупі бар.

Сондықтан да үкімет ауылды дамыту және онда білікті кадрлар орналастыру бағытында жұмыс істеуде. Бірақ мұның бәрі уақытты талап етеді. Себебі, қарқынды урбанизация экономикалық теңсіздік мәселесін күшейтеді. Мысалы, ірі қалаларда қолайлы экономикалық орта қалыптасып, ал ауылдар іс жүзінде дамуын тоқтатады. Оның үстіне, қала маңындағы елді мекендер есебінен мегаполистер алаңының ұлғаюы ауыл шаруашылығы жерлері мен табиғи аумақтардың жойылуына, биологиялық әртүрліліктің жоғалуына әкелуі ықтимал.

Бір жайтты анық айтуға болады. Егер елімізде кірісті дұрыс бөлетін болса, урбанизация оң көрсеткіш берері сөзсіз, – дейді Айнұр Сәрсенбекқызы.

Аймақтағы ахуал

Көшіп келген ағайынның амалдайтын таңдауы – қаланың шеткері аймағынан жер алу, кейін әупірімдеп баспана тұрғызу. Қалаға жақын, алайда инфрақұрылымы мен жайлылық жайы ауылдан айырмашылығы шамалы аумаққа қоныстанады. Ауылдан көшкен тұрғындар Тасбөгет кентінің шеткері аймағы мен «Бәйтерек», «Наурыз»,  «Сабалақ» секілді жерлерге қоныстанады.

Расында, жағдайдың бұлай құбылуы жер жетпеу немесе баспана тапшылығынан емес секілді. Себебі өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 6,4 пайызға (604 мың шаршы метр) артқан. Сондай-ақ, 1422 пәтерді құрайтын 32 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 38 жоба жүзеге асырылған екен. Ал алдағы жылдары құрылыс көлемін ұлғайтып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысын ілгерілету үшін бюджеттен 41,6 млрд теңге бөлінбек. Мәселе халықтың әлеуметтік жағдайы мен жұмыссыздықтан туындайтын секілді.

Осы орайда урбанизация мәселесінде жиі кездесетін келеңсіздіктерді айта кеткен жөн. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Исатай Минуаровтың отандық БАҚ өкілдеріне берген мәліметінен салаға қатысты бірнеше олқылықтың шеті шығатындай.

– Біріншіден, қалалар құрылысы мен елді мекендерді дамыту барысында азаматтардың мүддесін ескеру қажет. Халықтың денсаулығын және өмір сүру жайлылығын барлығынан жоғары қою керек. Ол үшін барша қала тұрғындарына тиесілі қалалық тіркеуге тұруды жеңілдету, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қажет. Екіншіден, қалалар құрылымын оңтайландырып, ғылымды дамытуға барша қалалық ресурстарды жұмылдыру маңызды. Ірі елді мекендердегі құрылысқа арналған және ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлерді қатаң бақылауға алу қажеттілігі де бар.

Бастысы, Президент жүктеген міндетті жүзеге асырудағы маңызды мәселелердің бірі жалған урбанизацияға, яғни, тек қала территориясын кеңейтуге жол бермеген жөн. Үкімет тарапынан агломерациялар құру ісінде толық бақылаудың болуы қажет, – дейді маман.

Жұмыспен қамту – кезекті шешім

Қалаға кім қандай мақсатпен келеді? Әрине, басты мәселе – елді мекендегі білім беру, медициналық көмек деңгейі мен жұмыссыздық жайы. Ауылда екі қолға бір күрек таппаған азаматтар қалаға зор үмітпен келіп, жаңа өмір бастауға талпынады, яғни, ағайынды ауылдан жырақтауға мәжбүрлеген фактор қаладағы жоғары жалақы мен әлеуметтік мүмкіндік екені сөзсіз. Дегенмен,  қалаға ағылған адамдар лезде қалағанына жете бермейді. Мұнда да – бәсекелестік, қызметтегі сатылай өсу, жалдамалы пәтер дауы. Содан болар, қалалықтардың көбі пәтер жалдап, табысының басым бөлігін желге ұшыруда. Оған қоса, жалдамалы пәтер де, сатылымдағы баспананың да бағасы жылдан-жылға қымбаттап келеді. Қызық дерек, 2021 жылдың басымен салыстырғанда былтыр тұрғын үйге деген сұраныс 28 пайызға өскен. нәтижесінде бастапқы нарықтағы үйлер 8, қайталама нарықтағы үйлері 13,4 пайызға қымбаттаған екен.

Мұны басынан өткерген жан түсінетіні анық. Сондықтан Қызылорда қаласында 8 жылдан бері жалдамалы пәтерде қоныстанған Гүлжауһар Жолдасованың мәселеге қатысты пікірін білген едік.

– Көпбалалы анамын. Күйеуім дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Алғашында тұрақты жұмысқа орналасқанымен, алатын жалақы мөлшері азық-түлік, балалардың киімі пен пәтерақыға жетпеді. Сондықтан жеке тапсырыстар орындап, пайда табуға көшті. Дегенмен қымбаттаған азық-түлік пен нарық бағасы жеке үй алуға мүмкіндік бермей келеді. Көпбалалы отбасылар ауылдан көшіп, жақсы өмір іздеп қалаға келгенімен, нәтиже болмауда. Ауылға кері қайтуға ұят пен үміт жібермейтіндей, – дейді ол.

Иә, мемлекет тарапынан жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бастамалар жасалғаны анық. Мысалы, 2022 жылы 28 мыңнан астам жұмыс орны құрылса, 3401 жұмыссыз тұрғынның кәсіпкерлік бастамасына 1,2 млн теңгеден қайтарымсыз грант берілген. Оған қоса, бос жұмыс орындар жәрмеңкесі мен Президенттің 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы аймақта сәтті жүзеге асуда. Мәселен, аталған тапсырмаға сәйкес 10 043 адам екі қолға бір күрек тауып, жұмысқа орналасқан. Ендігі меже – жалақы көрсеткішін ұлғайтуға қол жеткізу, тұрақты жұмыс орындары санын арттыру.

Ипотека қалаға қоныстанудың жолы ма?

Жуырда БАҚ бетінен қызық ақпарат байқадым. Елімізде қалада өмір сүріп жатқан шамамен 2 млн 800 мың адам баспанаға мұқтаж. Сонымен қатар, алдағы 10 жылда 5 млн адам қалаға көшіп келетінін және демографиялық өсімді ескерсек, жас отбасына баспана сатып алудың жалғыз жолы  ипотекалық бағдарламаларға жүгіну болмақ. Мұны мыңдаған жас отбасыға мүмкіндік есігін ашқан «7-20-25», «Баспана хит», «Нұрлы жер» бағдарламаларынан аңғару қиын емес. 

– Отбасымызбен ұзақ жыл бойы «Отбасы банктің» салымшысы болып, оңтайлы сәтті күттік. Нәтижесінде 2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жаңадан салынған пәтердің кілтін алдым. Ауылдан арман қуып келген шақтағы басты мұратымыз үйлі болу еді. Әйелім екеуміз қаржылық сауатымызды арттырып, керек кеңесті алу арқылы мақсатқа жеттік деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Жұматай Орынбасаров.

Аталған бағдарламалар қызылордалық азаматтардың баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік жасағаны анық. Бағдарлама Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында тұрғын үйлер санын арттыруға сеп болып, қаланың дамуына ықпал етті. Айта кетерлігі, республикалық жобалардан өзге Сыр жастарына арналған ерекше ипотекалық бағдарлама да жүзеге аспақ, яғни, «Сыр елі жастары» атты Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы жасалды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жастар форумында аталған бастаманы көтерген болатын. Көп өтпей, бағдарламаның ережесі мен шарттары нақтыланып, көпшілік назарына ұсынылды. Байқағанымыздай, жастар бастапқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын салып, 19 жылға ипотекалық несие алуына болады. Жылына 5 пайыздық өсіммен 18 млн теңгеге дейін беріледі. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Бұл ипотеканы мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері, журналистер және жоғары оқу орындарының оқытушылары да алмақ.

Қаланы қалай дамытамыз?

Қалаға қоныстанған жақсы. Алайда, көптің сұранысына сай жоспарлау, келешекті бағамдау одан да маңызды болмақ. Бас жоспарды урбанизация талабына лайықтау, қолайлы орта қалыптастыру – негізі басымдық.

Өздеріңізге белгілі, былтыр Қазақстанда «QAZURBAN FORUM 2022» шарасы өтті. Онда сарапшылар шаһар дамуының талаптарын нақтылап, ерекше ұсыныстар айтқан болатын. Соның ішінде қаланың жоспарсыз жайыла кеңеюі, инфрақұрылымның кемшілігі, тұрғын үйге деген сұраныс жайы туралы орынды сын-пікір де қамтылған еді. Әсіресе, қарқынды урбандалу тұрғындар талабын күшейтіп, қалаішілік дау-жанжал мен ипотекалық нарықтағы олқылықтарды тудырады делінген.

Сол тұста Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукеновтің форумда сөйлеген сөзі отандық БАҚ-та кең тарады. Ол инфрақұрылым қаржысының осалдығын айта келе, қала қалыптастырудың алғышарттарын ескеру қажетін тілге тиек етті.

– Қала салудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, паркті құрылысшылар емес, ландшафттық дизайнерлер жобалауы керек. Қазір «Бәйтерек» холдингі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қаланы жоспарлау стандарттарын жасап жатырмыз. Урбандалу ісінде Қазақстанға бірыңғай нақты түсінік керек. Архитектурадан бастап жасылдандыруға дейінгі, транспорттан бастап әлеуметтік даму қызметіне дейінгі аралықта қандай шешім қабылдаймыз? Сонымен бірге қала тағдырына жауапты әкімдіктегі басқарушы мамандар да урбандалу турасында білімдерін көтергені жөн болады, –  дейді Е.Әукенов.

Мамандардың дерегінше, Қазақстандағы 21 қаланың халық саны 100 мыңнан асады. Тұрғындар саны миллионнан асқан үш мегаполисті айтпағанда, бұл көрсеткішке жетеғабыл қалалар саны да артып келеді. Сондықтан дайындықты бүгіннен бастау оңтайлы шешім болмақ. Мысалы, 1 млн тұрғыны бар қалаға қызмет көрсету үшін бір жылда 1 трлн теңге қажет екен. Сондай-ақ, қалаға 28 медициналық ұйым, 27 мектеп, 54 балабақша, 615 шақырым жол, 467 шақырым су құбыры мен канализация, 58 шақырым жылу құбыры, 122 шақырым газ құбыры, 168 шақырым электр желісі, 45 шақырым телефон байланыс желісі керек. Бұл аз жұмыс емес. Демек, урбанистика саласын дендей зерттеп, қаржы жоспарлауда ескерусіз қалдырмаған абзал.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<