Қара өлеңнің құлагері

437

0

Кеше А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Сыр елінің талантты перзенті, дарынды ақын, қаламгер Әскербек Рахымбекұлының 80 жылдығына орай еске алуға арналған «Қара өлеңнің құлагері» атты кеш болып өтті.

Көпшілік мәдениет үйінің фойесіне қойылған «Әдебиет әлемінің Әскербегі» атты шығармашылық және танымдық көрмеден ақынның шығармашылығына жасалған шолумен танысып, сырлы суреттерді тамашалады.

Шараны облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемов ашып, ақынның өмірі мен шығармашылығы хақында әңгімеледі.

Ақынның өлеңдегі түйдек-түйдек ұшқыр ойлары өз алдына, оның нақышы мен жыр ұйқастары да ешкімге ұқсамайтын. Өлеңдері құндақталған сәбидей ғазиз, құшақтаған арудай көркем.

Әскербек Рахымбекұлының поэзиясын Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев сынды қазақтың мықты ақындары мойындап, өз бағасын бергенін де жақсы білеміз.  Ақынның екі мәрте «Жалын» баспасы жариялаған жабық бәйгенің жүлдегері атануы жүзден жүйріктігі болатын.

Әсағаңның «Тұсаукесер», «Сырдария әуендері», «Тұлпар туралы дастан», «Ғашық жүрек», «Айдынынан айырылған Аралым-ай», «Алтын Арай», «Тұлпарлар тағдыры», «Жыраулар», «Тағдыр-дастан», басқа да жыр кітаптары жарыққа шықты.

Сырдың сырбаз мінезді сұңғыла ақыны Ә.Рахымбекұлы өлең табиғатына тасқа қашағандай өрнек салды. Бар ғұмырын шығармашылыққа арнап, өзге дүниеден өзін бөлек ұстады.

Аймақтың ата басылымы «Сыр бойы» газетінің тоқсан жылдан аса тарихында қарымды қаламгер, ақын Әскербек Рахымбекұлының есімі ерекше аталады.

Ә.Рахымбекұлы 1970-1985 жылдары Қызылорда облыстық теларадио комитетінде, облыстық партия комитетінде, облыстық «Ленин жолы» газетінде қызмет атқарды.

1985-1991 жылдары «Ленин жолы» газеті редакторының бірінші орынбасары, 1991-1996 жылдары бас редакторы болды.

Әскербек Рахымбекұлы газеттің бас редакторы болып келген соң, 1991 жылдың 24 қыркүйегінен бастап газет өзінің байырғы «Сыр бойы» атауын қайта иеленді. Тарихымызды түгендеп жатқан тұста ата басылым атауының қайтарылуына бас редактор Ә.Рахымбекұлының тікелей септігі тиді.

Қорқыт ата атындағы университеттің профессоры Қ.Құдайбергенов, ақын Қ.Есімсейітова, ақын М.Әміреұлы, Әскербек ақынның досы, еңбек ардагері З.Шермұхамедұлы, белгілі ақын Ш.Әбдікәрімов секілді естелік айтушылар осындай ойларын ортаға салды.

Әсерлі кеште әншілер Ә.Рахымбекұлының өлеңдері сахналық көріністер арқылы оқылып, тыңдаушысын баурады. Әншілер А.Ерниязова мен Ә.Өмірбек ақын сөзіне жазылған Ә.Оспанов, И.Елубаева сынды композиторлардың әндерін шырқады.

Руханият, мәдениет саласына көп еңбек сіңірген ақын есімі Сыр елінің есінен ешқашан шықпақ емес.

Бұл кеш ақынның екінші, рухани өмірінің басталғанын паш етті.

«СБ» ақпарат