«Қармақшы-Құс» іске қосылуға жақын

635

0

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Нұртай жыл басынан бергі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты жаңалықтарды бөлісті, оң өзгерістерге тоқталды.

Қайрат Нұртай жеткізген қуанышты жаңалықтың бірі – «Қармақшы-Құс» фабрикасының жайы. Үш жылдан бері күрмеуі шешілмеген кәсіпорынның құрылысы бүгінде толық аяқталған. Енді сырт елден құрылғылары келу керек. Келер жылы сәуір айында жұмысын бастайды. Республика бойынша 5 ірі жобаның біріне жататын кәсіпорынның тіршілігі жанданса, облыс қана емес, өзге аймақтардағы азық-түлік қорына едәуір үлесі болары анық. Сондай-ақ аудан басшысы Қармақшының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика барын айтты.

– Жыл басынан бері өнеркәсіп саласының кәсіпорындары 2 млрд 577 млн теңгенің өнімін өндірсе, өңдеу өнеркәсібінде 2 млрд теңгеге жуық өнім шығарылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 12 млрд теңгеден асады. Жалпы ауданға 6 млрд 525 млн теңгеге инвестиция тартылып, 2 млрд 577 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүрді, – деді Қ.Нұртай.

Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде 67 әлеуметтік нысан салынған. Сонымен қатар, жақында Жосалы кенті «көгілдір отынға» қосылды. Қазір кентте 4360 үй болса, оның 30 проценті газ қосуға өтінім берген. 900-ге жуық үй табиғи отынның пайдасын көріп отыр. Аудан басшысының айтуынша, қазір табиғи газды әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерге орнату үшін 7 қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде.

Қармақшының көп ауылдары күріш егумен айналысады. Биыл су тапшылығына орай 500 гектар егісті қысқартыпты. Соған қарамастан әр гектарынан 67 центнер астық жинаған. Бүгінде аудан 88 мың тонна күрішті қамбасына құйып алған. Қажырлы еңбектің арқасында «Алтын күз» мерекесінде «Ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік аудан» атанды. Өңірде «Жаңажол» ЖШС, «Ақтөбе және К» және «Достық-Жер МК» шаруашылықтары Сыр дәнінен жоғары өнім жинаған.

Бір қуанарлығы, егінге пайдаланатын су тапшылығына байланысты «Батыс Қармақшы» қашыртқысынан «Қурайлы» каналына қосымша су түсу үшін ұзындығы 11 шақырымды құрайтын канал қазылған. 8,5 шақырым ескі арнаға механикалық тазалау жүргізілсе, 2,5 шақырым тыңнан канал жүргізіліпті. Бұдан бөлек, Қармақшы ауылдық округінде «Қараөзек» арнасының «Қожантай» учаскесіндегі су тоспасы қайта қалпына келтірілген.

Аудан әкімінің айтуынша, жұмыссыздық мәселесін шешуде біршама шаруалар атқарылған. Бүгінде кәсіпкерлік саласының үлесі артып, 3913-ке жеткен. Ал онда жұмыспен қамтылғандар 5676 адамды құрайды. Ауданда 5 млрд теңгенің өнімі осы кәсіпкерлік нысандарынан шығуда.

– Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 369 жоба қаржыландырылды. Оның қаржысы 1 млрд 133 млн теңгені құрап отыр. Бұның ішінде бизнесін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер де бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» жеке қаражаты есебінен мал шаруашылығын дамытуға ұмтылғандар көп. Өздеріңізге белгілі, аудан егін егуге бейім болғандықтан, төрт шаруашылық «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 15 ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алды, – дейді аудан басшысы.

Қармақшыда құрылыс жұмыстары қарқынды. Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік бес тұрғын үй салынса, Төретам кентін ауызсумен жабдықтау, 20 көшені жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан орталығында «Рәміздер алаңы» салынып, шеткі ауылдың бірі – Қуаңдарияда клуб үйінің құрылысы басталған. Жосалы кенті, ІІІ Интернационал және Ақай елді мекеніндегі көшелер жөнделуде. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мен аз қамтылған көпбалалы отбасыларға коммуналдық тұрғын үй қорынан 10 баспана сатып алынбақ.

Тәуелсіздік жылдарында Қармақшыдағы халық саны өскен. Аудан тұрғындарының саны 10 процентке артып, 4,7 мың адамға көбейіпті.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<