Қашанда қауіпсіздік маңызды

140

0

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы тарапынан өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Олардың қатарында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны, қорғаныс бөгеттерін нығайту, Конго-Қырым геморагиялық қызбасының қоздырғышы анықталған елді мекендерді залалсыздандыру және өзге де іс-шаралар бар.

Басқарма басшысы Марат Құрманбаевтың айтуынша, «Қыс-2024» былтыр 21-22 қараша күндері өткізілсе, енді 6-7 ақпанда «Көктем-2025» оқу-жаттығу шарасы болады.

– Сондай-ақ өңірде қорғаныс бөгеттерін нығайту мәселесіне баса назар аударылып отыр. Қазірге дейін демеушілер есебінен осындай 20 нысанда жұмыс жүргізілсе, оған қоса жоспарлы түрде 3 нысан нығайтылды. Атап айтқанда, ол Арал ауданындағы «Аманөткел» тұсындағы Сырдария өзенінің оң жағасы, сол аумақтағы Ералы каналының екі жағалауы қалпына келтірілген. Мұндай жұмыстар Жалағаш ауданына қарасты «Шәмен қайыры» учаскесінің тұсында да жасалды. Су басу қаупі бар аймақтарға арнайы техникалар жеткізіліп, жауапты мекемелер бекітілген, – деді М.Құрманбаев.

Бүгінде облыста Конго-Қырым геморагиялық қызбасының негізгі қоздырғышы – кенелерге қолайсыз 115 елді мекен анықталған. Оның ішінде Жаңақорғанда – 18, Шиеліде – 20, Сырдарияда – 11, Жалағашта – 11, Қармақшыда – 16, Қазалыда – 16, Аралда – 11 ауыл бар. Былтыр 3 млн шаршы метрді құрайтын аумақ залалсыздандырылды. Оның тиімділік көрсеткіші – 99 пайыз. Ал биыл 111 елді мекенде осындай жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, олардың 19-ы Арал, 17-сі Қазалы, 16-сы Қармақшы, 8-і Жалағаш, 12-іс Сырдария, 18-і Шиелі, 13-і Жаңақорған аудандарында орналасса, Қызылордада 2 елді мекен қолайсыз болып есептелген.

Басқарма тарапынан мерзімді әскери қызметке шақыруды, аумақтық қорғаныс бойынша жұмыстарды, «Найза-2024» тактикалық арнайы оқу-жаттығуын ұйымдастыру шаралары да атқарылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<