Қасиет қонған Қожаназар ишан

220

0

Кім-кімге де кіндік қаны тамған жер көзінің қарашығындай қастерлі екені белгілі. Біздің ауылда есімі жалпақ жұртқа мәлім батыр бабалар, ғұлама даналар, әулие емшілер дүниеге келген. Сондай аруақты бабамыздың бірі –  Қожаназар ишан Артықбайұлы. 

Қожаназар Артықбайұлы Меккеге үш мәрте қажылыққа барған, пайғамбар жасында өмірден өтіпті.

Ишанның жеті ұлы болыпты. Баршасы діндар, оқымысты адамдар екен. Қазіргі таңда аудан орталығындағы өз есімімен аталатын мешітті кейін інісі Бекназарға беріпті. Одан соң Бекназардың баласы Нұрмағанбет ұстапты. Өкінішке қарай, Нұрмағанбет небәрі 24 жасында өмірден өткен. Аудан орталығындағы «Қожаназар ишан» мешіті 1902 жылы пайдалануға берілген. Мәдени-тарихи ескерткіштер қатарында, мемлекет қорғауында. Сапалы салынған Алланың жердегі үйінің арада ғасырдан астам уақыт өтсе де,  міні құрымаған.

«Дін – апиын» деп саналған сонау кеңестік кезеңде де мешіт қызметін тоқтатпады. Ол кезде облыста екі мешіт ғана яғни, «Айтбай мешіті» мен «Қожаназар ишан» мешіті ғана бар еді. «Мұсылмандар мешіті» деп аталатын.

Ишан – діни атақтардың ең үлкені. Қазақ жерінде ишандық атақты алу үшін жеті мешітке барып, сынақтан өткен. «Ишанның осалдау дегенінің өзі қабірде жатқан өліктің жағдайын біледі екен» дейді деректе.

Ишан атамыздың жеке қаржысына салдырған екінші мешіті Сырдарияның жағалауында, қазіргі Жанқожа батыр ауылының тұсында орналасқан. Қалың тал қоршаған жерде мешіттің орны бар. Ауыл тұрғындары бұл маңды киелі санайды. Қожаназар ишан атамыз әулие, емшілігімен қатар бағбандықты да терең меңгерген жан екен.  

Сәл уақыт бұрын  ел  азаматтарымен бірге Қожаназар Артықбайұлы ишан бабамыздың бейітіне зияраттап барған едік. Сол  күні аспан шайдай ашық, жарқырап тұрды. Алдымен сүрлеу жол, кейін биік каналдың бойымен біршама жол  жүрдік. Алдымыздан түйе келесі жолықты. Шудасы желмен желбіреген ойсылқара нәсілі шетінен қос өркеші баладай күйлі көрінді.

Әулие, ғұлама Қожаназар ишан Артықбайұлы бабаның бейіті жанына аялдап, аруағына құран бағыштадық. Мұратбек молданың сазды даусымен оқыған қасиетті Құран аяттары атырапты баурап алғандай әсерлендік.

Ишан бейітінен әудем жердегі арада өткен уақыт ағынымен өз ізін қалдырған мешіттің алдына арнайы дайындап әкелген «Осы жерде Қожаназар ишан мешіті орналасқан» деген жазуы бар мәрмәр тақта орнатып, қоршауын құрғанбыз. Ал мешітке таяу маңда Сырдария өзені сарқырап  ағып жатты.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы.