Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін құттықтады

109

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтады. ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасай отырып, құттықтаудың толық мәтінін жариялайды. ***

Құрметті журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала.

«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті. Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер.

Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер. Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінеді. Өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетіледі.

БАҚ саласындағы дәстүрлі Президент сыйлығы – соның бір көрінісі. Оның иегері атанған азаматтардың есімі қазақ журналистикасының жылнамасына жазылатыны сөзсіз.

Жыл сайын ең таңдаулы журналистерге берілетін марапат осымен жиырма бесінші рет табысталып отыр. Бұл сыйлыққа қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ие болудың да символдық мәні бар.

Сіздер егемендік жылдарында ұрпақтың бойына азаттық рухын сіңіруге зор үлес қостыңыздар. Мен мемлекет пен қоғамның ортасында алтын көпір болып жүрген журналистердің еңбегін жоғары бағалаймын.

Әрқайсыңыз шынайы ақпарат таратудың жауапкершілігін сезініп, ұлттық мүдденің биігінен көріне береді деп сенемін. Соңғы кезде радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жоқ екені жиі айтылып жүр.

Мен Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткен жөн деп санаймын.

Еліміз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында өсіп-өркендей түссін! Журналистер жағымды жаңалығымен жұртшылықты қуанта берсін!

Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін!

Мереке құтты болсын!


inform.kz


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз