Қатар-2022: Хорватия құрамасы Мароккодан басым түсіп, қола жүлде жеңіп алды

665

0

Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында Хорватия құрамасы қола жүлдегер болды, ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін 3-орын үшін сайыста Хорватия мен Марокко құрамалары кездесті.

Ойын басында хорватиялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Шабуылды оң және сол қанаттан ұйымдастырған олар 7-минутта есеп ашты. Аталған құрама футболшысы Йошко Гвардиол әуелеп келген допты баспен қақпаға соқты. Арада көп ұзамай марокколық құрама таразы басын теңестіріп үлгерді. Ойынның 9-минутында Ашраф Дари мергендік танытты.

Кездесу барысында марокколық футболшылар қателікке жиі бой алдырды. Десе де олардың қателігін қақпашы Ясин Буну түзеп жатты. Ал 42-минутта ол Мислав Оршичтің тепкен соққысына қауқар көрсете алған жоқ.

Екінші кезеңде де хорватиялықтар тізгінді өз қолынан шығармауға тырысты. Екі құраманың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді.

Осылайша Хорватия қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Еске салсақ, хорватиялық футболшылар әлем чемпионаты финалдық сатыларында Африка құрлығынан келген үш құрамамен кездесуінде бірде-бір гол жіберген жоқ. Топтық кезеңде 2014 жылы Камерунды 4:0, 2018 жылы Нигерияны 2:0 есебімен жеңген еді.

Айта кетсек, әлем чемпионатында 3-орын үшін соңғы 10 кездесуде еуропалық құрамалар жеңімпаз атанды.

Енді финалда Аргентина – Франция құрамаларының кездесуі 18 желтоқсанда елорда уақытымен 21:00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<