Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көңіл айтты

344

0

2023 жылдың 29 қазаны қазақ елі үшін күнтізбеде қаралы күн болып қалды. Қарағандыдағы қайғылы апатқа байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Апат орын алған күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып, қаза тапқандардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім, – деді Президент. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы тиісті шаралар қабылданатынын, соның ішінде зардап шеккендердің отбасылары мұқтаждық көрмеуі үшін барлық мүмкіндік қарастырылатынын жеткізді.

Президент бұл ретте «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бергенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. «Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнан кейін Мемлекет басшысы жедел штабтың отырысын өткізді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 адам өз бетінше жер бетіне көтерілген.   

Жедел штаб отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та мәлімдеме жасады. Ол зардап шеккен азаматтарға медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатқанын айтты. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың сөзінше, қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді.

«Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс, – деп толықтырды министр.

Президент Үкіметтік комиссия мүшелеріне нақты-нақты тапсырма жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<