Қазалы. Әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері марапатталды

540

0

Бүгін Қазалыда әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күніне орай бір топ қызметкерлер марапатталды. Мерекелік шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, әлеуметтік қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев әлеуметтік сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.

– Бұл айтулы мереке – қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға аянбай қызмет етіп жүрген жандарға деген зор құрметтің белгісі.

Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өмірлік қиын жағдайларға душар болған азаматтар қажетті қолдау алып, еңсесін тіктеуде. Оларға болашаққа деген үміт сыйлап, өз міндеттеріңізді жауапкершілікпен орындап жүрсіздер. Айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген Сіздердің әрбіріңіз құрметке лайықтысыздар.

Әлеуметтік қорғау жүйесі – үлкен жауапкершілік, кәсіби біліктілікпен қатар адами қасиеттерді талап ететін сала. Тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы жағдай жасау – біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндет. Мемлекет тарапынан жылдан жылға халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетілдіріліп, қызмет көрсету сапасы мен көлемі артып келеді. Әрине, осы қызметтердің барлығы Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында көрініс беруде, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Мұнан соң Мұхтар Оразбаев еңбек жолында өз міндеттерін абыроймен атқарып, әлеуметтік салаға қосқан үлестері үшін бір топ қызметкерлерге облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттары» мен ықылас гүлдерін табыс етті.

Мерекелік шарада аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ерболат Тұрымов әлеуметтік сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Басқосуда әлеуметтік қорғау саласының ардагерлері де назардан тыс қалмай, мерекелік сый-сияпаттар табыс етілді.

#Қазалы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<