Қазалы ауданының бюджет қазынасы артып, тоғыз айда 22,9 млрд.теңгеге жетті. Ал аудан кірісі 1,9 млрд.теңгені құрады. Ауданда кәсіпкерлік саласы да жанданып келеді. Айталық, жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындарында 12,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын саралады.
Аудан әкімінің айтуынша, кәсіпкерлік субьектілерінің саны 5 608. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 390 кәсіпкерге артық. Сондай-ақ, ауданда жаңа өндіріс орындарын көбейту мақсатында 6 жоба жүзеге аспақ.
Қазалыда әлеуметтік қолдаудың әлеуеті көбейіп, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға тұрақтады. Жыл басынан бері экономиканың әр түрлі саласында 1 842 жаңа жұмыс орны ашылған, оның 775-і тұрақты. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар 50 шақырым жол мен елдімекеншілік 40 көше жөнделді. Әйтеке би кентінде 19 көше мен Қазалы қаласында 10 көшеге жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, ауылдық елді мекендегі 11 көше жөндеуден өтуде.
«Өткен жылдан бастап қала мен кенттің аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 2 темір бетон көпір мен 2 су өткізгіш құбырлар қайта жаңғыртудан өткізіліп, жолдың негізгі қабаты күшейтілуде. Биыл жоба құны 233,0 млн.теңгені құрайтын «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолының бойындағы темір бетонды көпірді қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек 9 көпірдің техникалық жағдайы нашар екені анықталып, жоба алды жұмыстары сараланды. Ауданымызда 9 айда 33 675 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынып, өткен жылмен салыстырғанда 106 пайызға орындалды. Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй салынды», – деді аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<