Қазалыда «Алтын дән-2021» мерекесі өтті

499

0

Бүгін Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Алтын дән – 2021» мерекесіне орай салтанатты шара өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, дербес бөлім және мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбеккерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев қазалылықтарды береке мен молшылықтың бастауы – «Алтын дән – 2021» мерекесімен құттықтап, ауыл еңбеккерлерінің ел үшін еткен ерен еңбектерінің ақталғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Қазалы ауданы биыл екінші рет қатарынан «Озат аудан» номинациясымен марапатталғанын да қуанышпен жеткізді.

Мұнан соң табысқа жеткен озаттарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жайылхан Жүнісов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Жалаңтөс батыр» ЖШС механизаторы Төрехан Мылтықбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мнәжадин Өтеев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жақсыгүл Ерлепес, аудандық мәдениет орталығының қызметкері Жантұрған Тоқмамбет ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Күріш дақылынан мол өнім алған шаруашылықтар да марапат төрінен көрінді. 60,5 центнерден өнім алған «РЗА-Агро» ЖШС 1-ші дәрежелі, 60 центнер көрсеткішпен «Агро Өркен» ЖШС 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басшылық жасайтын «Сыр маржаны» ЖШС-на «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясы табыс етілді.

Айта кетейік, қазалылық диқандар биылғы жылы егілген 6587 гектар күріштің әр гектарынан 44,9 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 29,5 мың тоннадан астам астық құйды.

Ертең «Алтын дән – 2021» мерекесіне орай Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесінің бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<