Қазалыдағы берекелі бастама

534

0

Биылғы күн қабағы көпшілікті ойландырып тұр. Жайдары жаз мезгілі ортасынан асса да, далалықтан жайқала өскен шүйгін көзге көп шалынбайды. Қардың аз жауып, жер қыртысына тоң түспеуі, Сырдариядағы судың тапшылығы, жауын-шашынның болмауы тіршілігі төрт түлікпен байланысты ауылдағы ағайынға  қатал қыстың қамына ерте кірісу қажеттігін еске салғандай.

Жуырда Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев мал азығын дайындауға баса мән беріп, шаруашылықтардағы алқап­тардан шөп оруды жұрт­шылық арасында ұйымдастыру туралы бастама көтерген болатын. Мұндай жағ­дайда мал азығы дайындалумен қатар егіс алқаптарына су келетін арық-атыздардың іші тазаланып қалатыны белгілі.

Тиімді бастама аяқсыз қалмады. Ауданда шөп орудан сайыс өтті. Жастарды еңбекке баулу, қуаңшылыққа байланысты тұрмысы төмен отбасыларды шөппен қамтамасыз ету мақса­тында ұйымдастырылған сайыс­қа қала, кент және ауылдық округ­терден 40-тан астам жас қатысты.

Қатысушылар таңертеңнен бастап Қарашеңгел ауылдық округіндегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС күріш алқабында бел­гіленген жерден шөп орды. Жастарға аудан әкімі М.Оразбаев арнайы келіп, қысылтаяң уақытта осылайша жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын жеткізді.

Жарыс қорытындысы бо­йынша 93 бау шөп орған Жалаңтөс батыр ауылының тұрғыны Ақтілек Бекболат І орынды жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды түк­ті­баевтық Әли Еркебұлан мен Қазалы қаласының атынан қатысқан Рауан Әленов өзара бөлісті. Ал, Қазыбек Ерсұлтан «Шалымды орақшы», Талант Нұрадин «Епті орақшы», Жеңіс Жолдасбаев «Белсенді орақшы», Талап Мурзалиев «Ұқыпты орақ­шы» номинацияларымен мара­патталды.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Номинация ие­герлеріне де бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Осылайша  1553 бау пішен орылды. Ол аз қамтамасыз етілген және асырау­шысынан айырылған отбасыларға беріледі.

Айта кетейік, жарысты Қазалы ауданы ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша аудандық Жастар ресурстық орталығы мен «Қазалы Жомарт» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<