Қайталанбас дәм Қазалыда

810

0

Кофе – ойыңды бөліп, көңіліңді сергітетін сусын. Өз-өзіңмен гармонияда болуға үндейтін Еуропа елдерінде кофеге деген сұраныс күшті, кофейнялары да әртүрлі. Біздің елде де бизнестің бұл түрі дамып келеді. Айталық, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде алғашқы кофейняны яғни, кофехананы 21 жастағы Мұрат Байжахан ашты.

Еті тірі, ебі мол қазалылық бизнеске 17 жа­сында келді. Бірнеше кәсіпті бастап та кетті, ал кофейня мемлекет қолдауының нәтижесінде іске қосылды.


– 2019 жылдың жаз айында аудан орталығынан балмұздақ дүкенін аштым. Бірақ, жазда балмұз­дақ­сүйер қауым көп болғанымен, қыста салқын өнімнің сирек өтетіні белгілі. Сондықтан тұрғындарға «қыста кофе ішуге қалай қарайсыз?» деп сұрақ қойдым. Көпшілігі қарсылық танытпады. Сондықтан ұсынысқа сұраныс сай келіп, жұмысты бастап кеттік. Идеяның жүзеге асуына мемлекет қолдау танытып, өткен жылы 2 миллион теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым, – деді ол.

Мұрат 14-ке толысымен кәсіпкер ағаларына көмектесіп, нарық талабын, тұтынушылармен байла­ныс­тың маңызды екенін ерте аңғарды. Университетте білім ала жүріп 505 мың теңге қайтарымсыз грант иеленіп, шағын пиццерия ашты. Құдайберген Базархан есімді жас кәсіпкермен бірлесуінің нәти­жесінде Қазалыда гүлдер, Ақтөбеде ойыншықтар орталығының жұмысы жолға қойылды.
Қазалыда алғашқы кезде тұрғындар кофе ішуге арнайы келе қоймапты. Себебі, біздің менталитет бір шынаяқ кофеден рахат алып, өзіне ғана уақыт арнайтын шетелдіктерден басқа еді. Қазір түрлі кофенің қайталанбас дәмі – Қазалыда.


– Кофейня жұмысы жарнама, SMM мамандар кеңесімен Instagram желісін тиімді пайдалану арқы­лы жүйеге түсті. Керекті құрал-жабдықтарды Алма­тыдан алдырттым. Қазалылықтар алғашында кофе түрлерін көп білмейтін. Қазір өтімдісі – капучино мен латте. Балмұздақ пен кофейня бір ғимаратта орналасқан.

Өзім секілді жас кәсіпкерлерге айтарым, бизнесті бастау үшін осы салаға қатысты білім алып, нарыққа зерттеу жүргізу қажет. Ешкіммен ақылдаспай, «өзім білемін» деген амбицияның ақыры банкротқа әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, бас­ты ұстанымым – адамдармен мейлінше көп араласу. Адамдармен жақсы байланыста болу, тәжірибесімен танысу арқылы бизнесті ілгері­лете аласың. Қазір еліміз бойынша гүлдер, ойыншықтар саудасына арналған 4 дүкенім бар, – деді жас кәсіпкер.


Атақты бизнес-тренер Бодо Шефердің «Өз өміріме өзім жауапкершілік алғаннан бастап, өмірім жақсы жаққа өзгерді» деген сөзі бар. Мұраттың «жаспын» деп жалтақтамай, жауап­кершілік танытып, мемлекет берген мүмкіндікті игі істерге жалғастырғанын байқадық. Сөзі нық, қадамы нақты.

Бірнеше жыл бұрын балмұздақ сатудан басталған бизнес еді, қазір орталық қазалылықтардың сүйікті орнына айналды. Алдағы уақытта Мұрат серіктесімен бірге мал шаруашылығымен айналысуды бастамақ.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<