Қазандықтар қысқа дайын

526

0

Жаймашуақ күндерге толы қыркүйек айы да өтті. Оның артын ала қыңыр мінезді қазан айы келіп кірді. Бұл – қылышын сүйретіп келетін қыс алдындағы дайындық жұмыстарын тағы бір пысықтап алатын кезең. Ал жылу беру маусымы жақын күндері басталмақ. Әдетте алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары өткен жылу беру маусымы аяқталысымен-ақ басталып кететіні белгілі. Биыл да бұл үрдістен ауытқыған жоқпыз. Жұмыс жоспары бекітіліп, көктемнің аяғында басталып кеткен.

Бүгінде аймақтағы арнайы жөндеу жұмыстары, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй секторларына жылу беруге дайындық іс-шаралары толығымен аяқталған. Бұл сөзімізге жуырда өткен Үкіметтің селекторлық отырысы дәлел. Онда республика бойынша жылу беру маусымына дайындық жайы талқыланды.  Сол басқосуда ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов елімізде төрт аймақта жылу беру маусымына дайындық жұмыстары 100% орындалғанын мәлім етті. Соның бірі ретінде Қызылорда облысы аталды.

Оңтүстік өңірде орналасқанбыз деп коммуналық саладағы жауапты тұлғалар арқаны кеңге сала алмайды. Жылу беру маусымына дайындықты ертерек аяқтамаса қиын жағдайларға душар болып қалу әбден мүмкін. Өткен жылы күннің күрт суып кетуіне орай, жылу мерзімінен жеті-сегіз күн ерте берілгені есімізде. Сондықтан да облыста бұл жағынан жақсы тәжірибе бар. Оның үстіне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл мәселені ұдайы қатаң бақылауында ұстап келеді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағамбетовтің айтуынша, алдағы жылу беру маусымына кәсіпорындар дайындық жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізген. «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның дайындық жұмыстарына 784,1 млн теңге  қаржы қарастырылып, ол толығымен игерілген.  Сондай-ақ оңтүстік қазандықтың жөндеу жұмыстары, ВОНО қазандықтары, КЕ маркалы қазандықтар,  АБМҚ-лар, ОРУ-220/35, «Қазалы Теміржолжылу» қазандықтарын жөндеу жұмыстары  аяқталды. Биыл 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Қысқасы, қазандықтар қысқа дайын.

Облыста 1064  әлеуметтік нысан бар. Р.Нұрмағамбетов 529 білім  беру нысанының 196-на, 288 мәдениет, спорт нысанының  147-не, 247 денсаулық сақтау нысанының 79-на жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Орталықтандырылған жылу жүйесіне  835 көпқабатты тұрғын үй қосылады. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің 711-і  орталықтандырылған жылу жүйесінде. Ал 104 үй автономды-блокты модульдік жылу қазандықтары  арқылы жылытылады.  Қала бойынша 190 шақырым жылу магистралі бар. Оның 35,7 шақырымы магистральді, 154,3 шақырымы кварталдық жылу жүйесі. Өткен жылы мекеме өз қаражаты есебінен 35 млн теңгеге жылу құбырларын ауыстырды.

Биыл жылу беру маусымына дайындық барысында жылу жүйелерінің оңтүстік-солтүстік магистральді құбырларының тығыздығы мен беріктігін байқау үшін гидравликалық сынақ жүргізілді.   Сынақ жүргізу барысында  146 ақау анықталған. Оның тоғызы магистральді, қалған 137-сі кварталдық жылу жүйесіне тиесілі болды. Бүгінгі күні кварталдық жылу жүйесінде ақаулар жойылған. Мамандардың берген мәліметіне сай барлық 190 шақырым жылу жүйесінің 46%-ның тозығы жеткен. Осыған байланысты биыл «Қызылорда жылу орталығы» инвестициялық бағдарламасы негізінде 41,2 млн теңге қаржы бөлініп, 5,1 шақырым жылу құбырын қайта жаңғыртты.

Қала және аудан әкімдіктерінің жоспарларына сәйкес әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында  34 мың тонна қатты және 24 мың тонна сұйық отын, ал жергілікті тұрғындарға 142 мың тонна көмір қажет. Қызылорда қаласындағы жылу орталығының қоймаларында  4629 тонна резервтік мазут отыны  сақталуда. Оны кәсіпорын соңғы рет 2017 жылы сатып алған болатын. Талап бойынша мазут отынының жарамдылық мерзімі  өндірілген күннен бастап 5 жыл болып табылады. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін химиялық және физикалық қасиеттерін жоғалтады, яғни пайдалануға жарамсыз күйге келеді. Осыған орай кәсіпорын қоймаларындағы сақтаулы тұрған мазутты толық күйінде пайдалану және оны қайта қалпына толықтырып, жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Нормативтік мазут отынын толықтыру мақсатында оған 455,6 млн теңге қажет.

Көмір бағасын бірқалыпты ұстау үшін әкімдік пен өңірлік операторлар арасында келісім-шарт жасалды. Жақында облыстық әкімдікте жылу маусымына дайындық барысы талқыланған  жиында аймақ басшысы қатты отын қоры әлі де аз екеніне назар аударып, әкімдер көмірдің үш айлық қорын жасап алу керектігін қатаң тапсырған болатын. Өйткені,  күн күрт суытқан кезде көмірге деген сұраныс артып, қарбалас пайда болып, тұрғындар наразылығы туындап жүргені жыл сайын көрініс табуда. Бұл жағдай қайталанбауы тиіс.

Жылу беру маусымына Қызылорда қаласын қатты отынмен қамтамасыз ету  бойынша биыл екі жеке кәсіпкермен меморандум жасалды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2022-2023 жылдары жылу беру маусымына қажет етілетін қатты отынның көлемі 37 мың тоннаны құрап, қазіргі таңда 21 мың тонна (57%) қатты отынмен қамтамасыз етілді. Бірақ қыс мезгілінде қала аумағындағы көмір тасушы кәсіпкерлермен барлығы 66 мың тонна қатты отын әкелу жоспарланған.

Қазіргі уақытта меморандумға отырған «KHAS COM» кәсіпкерлігінде 120 вагон, яғни 8970 тонна «Шұбаркөл» көмірі қоры бар. Оның сатылу бағасы 14400 теңге. Ал «Қарымсақов» жеке кәсіпкерлігінде 3 вагон, яғни  207  тонна «Шұбаркөл» көмірі келіп, ол 15 мың теңгеден сатылуда. Осы орайда халық арасында жылдағыдай дүрбелең тудырмас үшін көмір отынын қазірден бастап тасымалдап, сатылымға шығару бойынша қала әкімдігі тарапынан көмір тасушы кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облысты «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіп отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы облыс бойынша 2336 шақырым газ құбыры мен құбыр бойындағы нысандардың қалыпты жұмыс істеуіне жауапты. Өндірістік филиал бүгінге дейін күзгі-қысқы кезеңге дайындық жоспарындағы жұмыстарды аяқтады. Дайындық барысында мамандар ескірген, қисайған, майысқан құбырларды жөндеп, сыры кеткен жерлерін қайта бояудан бастап, жер үстіндегі және жерасты газ желілерінің тұтастығын тексеру және жөндеу, газ құбырларындағы жабдықтың жай-күйін зерттеу мен ауыстыру сияқты техникалық жұмыстардың 21 түрін орындады. Мұның бәрі облыстағы  барлық абоненттер алдағы жылу маусымында алаңсыз газ тұтына алуын қамтамасыз етуі тиіс.

Қыс кезінде қауіпсіздік мәселесі де басты назарда болғаны жөн. Жылу беру маусымы кезінде қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан өрт оқиғалары және көмірқышқыл газынан улану фактілері жиі орын алады. Осыған байланысты тиісті мамандар облыстағы 7589 тұрғын үй секторын аралап, 25192 тұрғынға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Өткен жылу беру маусымында тұрмысы төмен және аз қамтылған 1843 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы датчик орнатылған болса, биылғы жылу беру маусымы қарсаңында 1657 отбасыға датчик орнату жоспарланды.  Иә, «сақтансаң сақтаймын» дегендей, бұл іс-шаралар  – қауіпті жағдайлардың алдын алу әрекеті.

Әрине, қысқы маусымға толық дайындық жасалды дегенмен, бұл жылу маусымы қалыпты өтеді деген сөз емес. Барлық жауапты тұлғалар мен мекемелер үшін босаңсуға болмайтын жауапты кезең келгені түсінікті.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<