Қазақ баспасөзінің қайраткері

1711

0

Бүгін аудан әкімдігінің қолдауымен Манап Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде «Тұлға. Тарих. Тағылым» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет, Парасат ордендерінің иегері, жазушы, баспагер, аудармашы Нұрмахан Оразбекті еске алуға арналған шараның шымылдығы ашылды.

Алдымен қаламгер шығармашылығынан жасалған көрмені көпшілік тамашалады.Шараның беташарына театрландырылға пролог қойылды, жазушының жансарайын жан-жақты жеткізді.Алғашқы құттықтау сөз алған аудан әкімі Руслан Рүстемов: «Қаламгер – рухани күштің қайнар бұлағы секілді замана бейнесін зиялы көзбен шеберлікпен суреттейтін шығармашылық өкілі.

Бұл тұрғыда Нұрмахан Оразбек – бейбіт өмірдің батыры, қазақ баспасөзінің қайраткері, халықтың мұң-мұқтажын жүрек сүзгісінде саралаған замана заңғары» деп жазушының батылдық қасиетінен есті естеліктер айтты, жерлестерінің жазушыға құрметі ретінде алдағы уақытта есімі лайықты еленетінін жеткізді. Жазушының асыл жары Адия Әбдірәйімқызының иығына зерлі камзол, ақ ниеттің нышаны деп ақ орамал жапты.

Экраннан қаламдас әріптестері Мамадияр Жақып, ақындар Исрайл Сапарбай, Серік Ақсұңқарұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның лебізін ұсынып, қаламгердің қайраткерлік қадамынан қанатты сөздерін білдірді.Түркістаннан келген ақын Нұрмахан Назаров, Н.Төреқұлов атындағы халықаралық қор басшысы Әбдіжаппар Сапарбай, жазушы-сатирик Нұрмахан Елтай, жазушының қарындасы Рыскүл Оразбекова ойлы естеліктерін ортаға салды.Шарада М.Дәрібаев, К.Өскенбай Біржан салдың әндерінен шырқады, жас ақындар арнау оқыды.Ел батыр да батыл қаламгердің қайраткерлік қасиетін ерекше таныды, одан рухани леп, ұлттық рух алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<