Қазақ-Қытай ықпалдастығының  жаңа кезеңі

540

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы «Орталық Азия – Қытай» саммиті   өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті. Президент іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты.

– Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көпқырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Қазіргі таңда елімізде ұлттық экономикамызды әртараптандыру үшін ауқымды әрі жан-жақты реформа жүргізіп жатырмыз. Шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылғанын айтты. Соның 23 миллиард доллардан астамы – Қытайдың еншісінде. Президент Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы аймақтағы ел басшыларының бірлескен күш-жігерін талап ететін ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Ең алдымен, тауар айналымының көлемін арттыру мәселесі қозғалды.

Электронды коммерция саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар. Бұл бағытта Қытай әлемде көш бастап тұрғаны сөзсіз.

Президент көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуды тағы бір басым бағыт деп санайды. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын Астанада Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының тұжырымдамасын жария етті. Содан бері бұл бастаманың тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді.

Президенттің айтуынша, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту керек. Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы жобаларға Қытайдың атсалысуы олардың табысты ілгерілеуіне өз септігін тигізері анық.

– Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн. Сондай-ақ автокөлік жасау сияқты ғылымға негізделген салалардың келешегі зор. Қазақстан мен Қытайдың бұл бағыттағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге шыққанын атап өткім келеді. Біз жеңіл және жүк көліктерін (JAC)  жасай бастадық. Электромобиль шығару жобасын жүзеге асырдық (JAC iEV7s,  YUTONG және Golden Dragon электр автобустары). Осындай автокөліктерді қуаттайтын стансалардың инфрақұрылымы жасалып жатыр. Кеше қытай көліктерін құрастыратын өндірісті іске қосу туралы келісімге қол қойылды. Елімізде литий, кобальт, никель және басқа да сирек элементтердің мол қоры бар. Біз осы салада жан-жақты  ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Қазақстанның бірқатар облысында белгілі қытай көліктерінің өндірісі табысты жұмыс істеп жатыр. Біз қытай компанияларын осы аймақтарда автомобиль кластерін құруға шақырамыз. Біздің Үкіметіміз өзара ынтымақтастықты дамыту үшін барлық жағдайды жасап, мүдделеріңізді қорғайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент энергетика саласында, соның ішінде мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар деп есептейді. Қазақстан мұнай экспортын көбейтуге мүдделі. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту маңызды екеніне тоқталды. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрлерін көбейтуге мүдделі.

Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін ынтымақтастықтың келесі басым бағыты ретінде атап өтті. Президент Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес, 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауызсуға мұқтаж болуы мүмкін.

Мемлекет басшысы мәдениет және білім ынтымақтастығын, сондай-ақ туризмді дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар Президент аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін атап өтті. Қытай Халық Республикасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің берік ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді. Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көтерген бастамалардың бәрі еліміздің жан-жақты ынтымақтастық пен мызғымас қарым-қатынасты нығайта түсуге ұмтылысын көрсететінін айтты.  Сол себепті тиімді серіктестіктің стратегиялық бағдарын жалғастыра беру маңызды. Сондай-ақ Президент сөзінің соңында Орталық Азия мен Қытайдың екінші саммитін Қазақстанда өткізуге әзір екенін жеткізді.

Саммите сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов,  Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

«Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойды және бірқатар бастаманы қабылдады. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Президент консулдық ғимаратында Қытайға жасаған мемлекеттік сапарын қорытындылап сөз сөйледі.

– Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ бірлескен мәлімдеме жасалды, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Шын мәнінде, бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше. Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Біз Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашқалы тұрмыз. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық  осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бас консулдықтың ашылу рәсіміне ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Цинь Ган қатысып, Қытай үкіметінің құттықтауын жеткізді. Қытайлық дипломаттың айтуынша, Сиань қаласында  Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Қазақстан – Қытайдың Шэньси провинциясында өзінің дипломатиялық өкілдігін ашып отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<