Қазақстанның Әуе күштері жаңартылған ұшақтармен толықты

341

0


Балқаш қаласындағы Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің оқу-авиациялық орталығына L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары келді. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шарты шеңберінде өткен жылдың соңында олар өндіруші зауытқа жіберілді. Онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңғыртудан өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Модернизация барысында ұшақтарға жаңа цифрлық авионика, катапульттау жүйелері, байланыс және объективті бақылау құралдары орнатылды. L-39 курсанттарды күндіз және түнде қарапайым және күрделі метеожағдайларда, ұшу техникасына бастапқы оқытуға, жауынгерлік қолдану элементтерін оқытуға, сондай-ақ оқу орындары мен әскери бөлімдердің ұшқыштар құрамын жаттықтыруға арналған.

Курсанттарға әуе кемесін меңгеруге тәжірибелі ұшқыш-нұсқаушылар көмектеседі. – Жалпы алғанда L-39 ұшағымен ұшу, авиацияны меңгерудегі алғашқы қадам болып табылады. Әрбір курсант үшін жеке өзі ұшу – өте маңызды сәт. Бұл ол болашақта қарапайым, күрделі пилотаж жасау, бұлттарда, төмен биіктікте, жерүсті және әуе нысаналары бойынша жауынгерлік қолдануға ұшу сынды кезеңдерге қол жеткізе алады дегенді білдіреді, – деп атап өтті оқу-авиация орталығы командирінің орынбасары подполковник Мақсат Бұратаев.

Aero L – 39 Albatros – ұшқыштар құрамын даярлауға арналған реактивті оқу-жауынгерлік ұшағы.

Кейбір модификацияларын жеңіл шабуылдаушылар мен жойғыш ұшақтар ретінде пайдалануға болады. 2018 жылғы жағдай бойынша ол әлемнің 30-дан астам елінде пайдаланылған, ұшу училищелер курсанттарын даярлауға арналған негізгі машиналардың бірі болып табылады. Реактивті қозғалтқыш 6500 м биіктікте 760 км/сағ жылдамдыққа жетуге мүмкіндік береді.

Ұшақтың қару-жарағына бомбалаушы, басқарылмайтын зымыран қаруы және басқарылатын зымырандық оқу қаруы, көздеу және фото бақылау жабдықтары кіреді. Бұл тік шүйілу кезінде 50-100 кг калибрлі еркін түсетін оқ-дәрілермен мақсатты бомбалауды, С-5 типті басқарылмайтын зымырандармен мақсатты түрде оқ атуды, имитаторларды қолдана отырып, әуе нысаналары бойынша басқарылатын зымырандардың іске қосылу имитациясын орындауға мүмкіндік береді.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<