– Биыл облыста дәндік жүгері 10 мың гектарға егілді. Жүгеріні терең өңдеу және тұқым шаруашылығын дамытуға, минералды тыңайтқыштар өндірісіне, жоңышқаның экспорттық әлеуетін арттыру бағытындағы бірлескен жобаларға қызығушылық артып отыр.
Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев қытайлық компаниялардың өкілдері Ван Дэфэнг, Лю Сювэй, Ван Цинцай және Бай Яньлунмен кездесті. Кездесуде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Мұрат Нәлқожаұлы су үнемдеу технологияларын енгізуге, суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
Облыс басшылығы инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға әрдайым дайын.
Кездесуде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Басты артықшылықтар қатарында аймақтың халықаралық көлік дәліздерінің бойында орналасуы, суармалы жер қорының молдығы және қолайлы табиғи-климаттық жағдайы атап өтілді.
Бүгінде облыста 286 мың гектар суармалы жер бар. Оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген күріш ауыспалы егістіктері.
Кейінгі жылдардағы су тапшылығына байланысты күріш егістігі оңтайландырылып, ылғалды аз қажет ететін дақылдар көбейтілуде. Агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу үшін республика көлемінде кешенді шаралар қабылданып, мемлекеттік қолдау тетіктері іске қосылды.
Айта кетейік, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды субсидиялау үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.





