Қазыналы көптомдық

1700

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қоры ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғай құрастырған «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» атты он томдық жинақпен толықты.

 Антология «Қуыр-қуыр, Қуырмаш», «Ағайынбыз бәріміз», «Бейбіт күн», «Ғажайып құмыра», «Балапан», «Алтын киік», «Ортаншы ұл», «Алатау ертегісі», «Қарлығаштың ұясы», «Мынау ғазиз дүние» атты он кітаптан тұрады.

Көптомдыққа қазақтың көрнекті жазушысы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап орта буын және жаңа толқын жазушы-ақындардың шығармаларымен қоса ауыз әдебиеті, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әңгімелер, мысалдар, ертегілер, хикаяттар сынды әр алуан жанрдағы туындылары енген.

Сондай-ақ, антологияда автор туралы қысқаша мәлімет пен автордың фотосуреттері де бар.

«Қуыр-қуыр, Қуырмаш» атты I томға ғасырлар бойы атадан балаға ауызша жеткен асыл қазынамыз – балалар фольклоры жүйелі топтастырылған. Қазақтың халық өлеңдері, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жұмбақ-есептері, мақал-мәтелдері, аңыздар мен  ертегілері енген. Антологияның  «Ағайынбыз бәріміз» атты ІІ томына Ы.Алтынсарин, М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов, т.б. қазақ ақындарының туындылары енген. «Бейбіт күн» атты ІІІ томына қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері, тақпақтары, санамақтары, мазақтамалары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жаңа ертегі-дастандары топтастырылған. «Ғажайып құмыра» атты IV томы қазақ жазушыларының балаларға арналған таңдаулы әңгімелері, мысалдары мен ертегілерінен түзілген. «Балапан» атты V томына М.Байғұт, О.Бөкей, М.Қаназ, М.Қабанбай, Б.Сүлейменов, С.Оспан, С.Балғабаев тәрізді қаламгерлердің балаларға арналған әңгімелері, ертегілері, мысалдары енген. «Алтын киік» атты VI томында С.Бегалин, М.Әуезов, М.Тиесов, С.Омаров, Қ.Қайсенов тәрізді көрнекті қаламгерлердің шығармалары бар. «Ортаншы ұл» атты VII томына  М.Иманжанов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров тәрізді қаламгерлердің хикаяттары енген. Мектеп өмірі, ұстаздар қауымы мен шәкірттердің қарым-қатынасы, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі партизандар ерлігі, балалар өміріндегі сан алуан қызықтар әсерлі баяндалған «Алғашқы айлар», «Менің атым – Қожа», «Тәмпіш қара», «Ортаншы ұл» тәрізді белгілі хикаяттар берілген. «Алатау ертегісі» атты VIII томы көрнекті балалар жазушылары Қ.Толыбай, Ж.Тұрлыбаев, М.Етекбаев, Ә.Қалдыбаев, М.Мағауин, К.Сегізбай, М.Қаназ, П.Дүйсенбин, Т.Нұрмағанбетов, М.Байғұт тәрізді көрнекті қаламгерлердің хикаяттарынан тұрады. «Қарлығаштың ұясы» атты IX томына Қ.Омарұлының «Альфа – Ақтөс», М.Қабанбайдың «Пысық болдым, мінеки», К.Қамзиннің «Айнабұлаққа ма? Айнабұлаққа…», Б.Сүлейменовтің «Хан шатырындағы кездесу немесе ертегілер әлеміне саяхат», А.Естеновтің «Сырлы дүние», С.Оспановтың «Әдемі ару», Қ.Түменбайдың «Біздің үйдің солдаттары», Б.Болатханованың «Бибіажар мен Бойтұмар» атты хикаяттары топтастырылған. «Мынау ғазиз дүние» атты X томына белгілі жазушылар Т.Әбдірайымның «Дала әуені», К.Оразбекұлының «Бас бармақ, Балаң үйрек, Ортан терек, Шылдыр шүмек, Кішкене бөбектің қызықты хикаялары», Д.Мамырбаеваның «Махаббаттың ақ жауыны», С.Дүйсенбиевтің «Суық жаңбыр», К.Сәттібайұлының «Жаралы жапырақтар», Ж.Шағатайдың «Ай жерге жақындаған жаз», Г.Шойбекованың «Үш бала», М.Омарованың «Ғажайып көл», Е.Жеңісұлының «Мынау ғазиз дүние», Б.Сарыбайдың «Ақтабан», Е.Тоқтарбайдың «Өмір қандай керемет!» секілді шығармалары енген.

Көптомдық  былтыр «Әдебиет» баспасынан жарық көрді.

Д.АЙБОЛАТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<