Қоңқабаев елге оралды

363

0

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған боксшы Қамшыбек Қоңқабаев елге оралды. Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов және спорт саласының қызметкерлері мен бапкерлері былғары қолғап шеберін туған жерде күтіп алды.

Жігер Айекешов бәсі жоғары байрақты бәсекеде сәтті өнер көрсеткен боксшыға алғыс білдіріп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді.

– Тартысты ойындардың куәсі болдық. Оған қоса, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақ елінің мақтанышы Қамшыбек Қоңқабаев қарсыластарын сенімді жеңді. Оны Еуразия спорт кешенінде спортсүйер қауыммен, жас өрендермен бір үйдің баласындай тамашаладық. Керемет әсер алдық. Енді 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиадада көк туымызды көкке көтеретініне сенеміз. Жерлесімізге сәттілік тілейміз, – деді Жігер Оңдасынұлы.

Ал Қамшыбек өзіне қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдіріп, жеңісті жолды Парижде қайталауға ниетті екенін айтты.

Еске салайық, аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда үндістандық Нарендерді 5:0 есебімен ұтып, 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Ол бұған дейін бахрейндік былғары қолғап шебері Данис Латыповпен кездесу өткізіп, онда да 5:0 есебімен басымдыққа ие болған. Алайда, ақтық сында өзбек боксшысы Баходир Жалоловқа есе жіберіп, күміс жүлде алды.

 «СБ» ақпарат

*СУРЕТ АШЫҚ ДЕРЕККӨЗДЕН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<