Байқоңырдың мәртебесі биіктей береді

411

0

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қызылорда облысының Байқоңыр қаласына барды. Сапары аясында Үкімет басшысы Асқар Мамин, «Роскосмос» ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин және облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар нысандарды аралады деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы Премьер-министр Асқар Маминге Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ, қаланы газдандыру және сумен жабдықтау, туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне тоқталды.

Кейінгі 30 жылда алғаш рет Байқоңыр қаласының бас жоспарына сәйкес республика есебінен 50 пәтерлік 5 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл тағы 5 көпқабатты үйдің құрылысын бастау жоспарлануда.

Қалада барлық көпқабатты үйлер мен бірқатар шағын және орта бизнес кәсіпорындары газбен қамтылған, табиғи газға төлеу тарифі Қызылорда облысымен бірыңғай тарифке тең. Сонымен қатар, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. 2021 жылы 901,2 млн теңге қаржы көлемінде кәріз су жүйелерін қайта құру жұмыстары жоспарлануда. Яғни кәріз су желілерінің 11,4 шақырымы қайта жаңартылады.

Өткен жылы Байқоңыр қаласында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 11 жоба жүзеге асып, 306 адам жұмысқа алынған. Сондай-ақ, 1552 азамат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында еңбекпен қамтылған.

Байқоңыр қаласында атқарылған жұмыстарды саралаған Премьер-Министр Асқар Мамин Байқоңыр қаласы мен оған жақын орналасқан Ақай және Төретам ауылдарындағы инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру тетіктерін қарастыруды тапсырды.

Мұнан кейін Үкімет басшысы Асқар Мамин мен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Союз МС-18» басқарылатын кораблінің ұшырылуын және оның Халықаралық ғарыш станциясымен түйісу сәтін бірге бақылады. Сондай-ақ, Премьер-Министр адамзаттың ғарышқа алғаш ұшуының 60 жылдығына арналған конференцияның пленарлық отырысына қатысып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шараға қатысушыларға арнаған сөзін оқып берді.

«Міне, 65 жыл бойы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып келген Байқоңыр ғарыш айлағынан 150 ғарышкер кең байтақ ғаламды игерді. Олардың қатарында қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар. Қазақстан мен Ресейдің одан әрі белсенді және жемісті ынтымақтастығы ғарыштық зерттеулер мен басқарылатын ұшулар саласындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға ықпал ететініне сенімдімін»,– деді А.Мамин.

Айта кетейік, конференцияның пленарлық отырысына «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының басшысы Дмитрий Рогозин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, NASA әкімшісінің орынбасары Кеннет Бауэрсокс, қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов және Мұхтар Аймаханов, «One Web», «SES Networks» спутниктік операторларының басшылығы қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз