Құмар ойынның құрығы

359

0

Сурет ашық дереккөзден

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғаны туралы «ҚазАқпаратта» хабарланды.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев келтірген мәлімет шын мәнінде бұл мәселенің өте күрделі күйін көрсетеді.

– Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр, – деді депутат.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарының мәліметін келтірген ол шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, құмар ойындар ойнайтынын, өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз екенін де атап өтті. Отбасы институтын әлсіретуге құмар ойынның кесірі тиіп-ақ тұр. Мәжіліс депутатының айтуынша, еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Құмар ойынның суицидтің өршуіне әсері бар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.

– Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Бұдан бөлек, құмар ойын қылмысқа да ықпал етеді. Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен. Көлеңкелі экономикаға да әсері бар. Ойын нарығы айналысында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз. Осында келтірілген мәліметтерден Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз. Бүгін қарастырғалы отырған заң жобалары осы мәселені барынша ауыздықтап, реттеуге арналған, – деді депутат.

Біріншіден, заң жобасында максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады.

Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады. Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады. Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.

Екіншіден, ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.

Үшіншіден, өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.

– Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтайды. Сонымен қатар заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жаза қарастырылған. Мұнымен қоса, заңсыз лотоматиктер мүлдем жойылады. Сондай-ақ балалар, білім беру, медициналық, діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Бұл ретте шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жасалады, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу ескерілген.

– Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді. Сондай-ақ Ұлттық Банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады, – деп толықтырды депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң жобасы аясында мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу ескерілген.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<