Құқық қорғалады

297

0

Тұтынушылардың құқығын қорғау – маңызды қадам. Бұл бағытта жүйелі жұмыс толастамақ емес. Мысалы, жыл басынан бері аймақтағы тұтынушылардан 82 өтініш келіп түскен. Олардың басым көпшілігі бөлшек сауда саласына қатысты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов айтты.

– Тұтынушылардың құқығын қорғау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта департамент күнделікті мониторинг жұмысын жүргізіп, азаматтардан түскен өтініштерді саралайды. Өткен жылы біздің департаментке 368 өтініш түссе, оның 264-і қанағаттандырылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде тұтынушыларға 8,1 млн теңге қайтарылған. Ал жыл басынан бері тұтынушылардан 82 өтініш келді. Бүгінде департаментке түскен өтініштер бойынша зерделеу жұмысы жүргізілуде, –  деді ол. 

Айта кетейік, 15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні. Айтулы дата жыл сайын түрлі тақырыпта өтеді. Биыл «Тұтынушылар үшін әділ және жауапты жасанды интеллект» ұранымен өткізу туралы ұсыныс берілген.

– Кейінгі жылдары жасанды интеллект цифрлық әлемнің ажырамас бөлігіне айналды. Осының әсерінен экономикалық көрсеткіш те айтарлықтай артып келеді. Сондықтан тұтынушы құқығын қорғау бағыты мен жасанды интеллект тоғысы нәтижелі көрсеткішке жетуге мүмкіндік беретініне сенім мол, – деді департамент басшысы.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<