Құқық құрығы

500

0

Ірі  есірткі алқабы жойылды

Қызылордалық полицейлер «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Жаңақорған ауданы Қаратөбе ауылынан 6 шақырым жерде ірі есірткі алқабын  анықтады.

Оқиға орнында Жаңақорған ауданының 65 және 53 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында құрамында есірткі бар өсімдіктің 52 түбі анықталды. Ал сараптама қорытындысына сәйкес, 52 түп сораның жалпы салмағы 10 келі 936 гр құрады.

Сонымен қатар, оқиға орнынан азық-түлік, сорғы, шатыр, мотор, күрек, кетпен және сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар тәркіленді.

Күдікті азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Танысының үйіне ұрлыққа түскен

Тәртіп сақшылары танысының үйіне ұрлыққа түскен 36 жастағы азаматшаны ұстады.

8 тамыз күні Сырдария аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызбен шағымданды. Үй иелерінің тойға кеткенін пайдаланған белгісіз адам үйдің ашық тұрған терезелері арқылы кіріп, жатын  бөлмедегі шкафтан алтын бұйымдар мен ақша ұрлап кеткен.

Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бұрын сотты болған азаматша ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол жәбірленушіні танитынын және үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, ұрлыққа барғандығын мойындады. Айғақ зат ретінде ұрланған алтын бұйымдар тәркіленді.

48 жүргізушіге хаттама рәсімделді

1-31 тамыз аралығында «Автомобиль» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Іс-шараның  алғашқы аптасында жол жүру ережесінде белгіленген талаптарды орындамаудың 11 дерегі анықталып, тиісті шара көрілді. Сондай-ақ пайдалануға тыйым салынатын ақаулары бар көлiк құралын басқарудың 163 дерегі тіркеліп, 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шетелдерге тіркелген көлікті сақтандыру полюсінсіз басқарған 48 жүргізушіге және міндетті техникалық тексеруден өтпеген 22 жүргізушіге әкімшілік хаттама рәсімделді.

Сатушыларды шығынға батырған

Қызылордада ер адам дүкендер мен дәріханаларға кіріп, түрлі тауарларды жымқырып келген. Алаяқ сатушыларды «Көліктен ақша алып келіп, тауар ақысын төлеймін» деп алдаған. Алайда тауарларды көлігіне тиеп, оқиға орнынан ізін суытқан.

Қызылордалықтың Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы аумағында жасалған алаяқтықтың 45 фактісіне қатысы бары анықталды. «Cyberpol» арнайы тобы күдіктіні Шымкент қаласынан ұстады. Шығын көлемі – 6 млн теңге.

Қазір қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<