«Құқықтану» кафедрасының негізін қалаған

803

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде философия ғылымдарының кандидаты, профессор Мұстафа Матаевтың 90 жылдығына арналған «Трансформация кезеңіндегі қазақстандық қоғамның дамуының гуманитарлық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиында білім беру жүйесін дамыту, аймақтық жастар саясаты, қазақ философиясы, қазақ зиялыларының ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы рөлі туралы баяндамалар жасалды.

Конференцияны облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов жүргізді. Модератор кіріспе сөзінде саналы ғұмырын ғылымға арнаған М.Матаевтың еліміздің білім мен ғылым жүйесін дамытуға қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

–Мұстафа Матайұлының «өмір бойы алдыма талапты жас келсе екен, оны ілгері қарай жетелей берсем екен, мамандығын түгел игерумен қатар, әрбір ұғымға үңіле түсуге үйретсем, дағдыландырсам, ұғымның тұңғиығына тереңдей түссе, әр қырынан жарқыраса, ойлы жастардың қатары көбейсе екен деп тілеймін» деген ұстаздық ұстанымы әрқашан өзекті, – деді Н.Байқадамов.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің басты бағыты құқықтық мемлекет орнату болғандықтан, өңірге жоғары білімді заңгер кадрлар көптеп керек екенін, ондай кадрлардың жоғары оқу орны базасында даярлануы қажеттігі туындағанын және осы мәселені университет профессоры М.Матаев құзырлы органдар алдында дәлелдеп бергенін атап өтті.

– Көп ұзамай университетте аталған мамандық бойынша кадр даярлау жұмысы қолға алынып, 1992 жылы ашылған тұңғыш «Құқықтану» кафедрасын басқару талантты ғалым, білікті ұстаз Мұстафа Матайұлына сеніп тапсырылғаны заңды еді. Ол заңгер мамандарды оқытатын, білікті ұстаздарды  еліміздің әр түкпірінен жинады, сонымен бірге  қажетті оқу-әдістемелік базаны қалыптастырды, – деді Б.Кәрімова.

Жиынға философия ғылымдарының докторы, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия кафедрасының профессоры Ж.Алтаев, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Көшербаев құттықтау жолдады.

Конференция тақырыбы аясында Мәскеу Қаржы-заң университеті Орск филиалының доценті, философия ғылымдарының кандидаты, В.Тавашев, философия ғылымдарының докторы, ҚР ҒЖБМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Г.Барлыбаева, философия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, М.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының проректоры Р.Әбілдина, философия ғылымдарының кандидаты, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті Ч.Сааданбекова, экономика ғылымдарының докторы, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, директорлар кеңесінің мүшесі Г.Пазылхаирова, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Е.Нұрымбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті криминалистикалық зертханасының меңгерушісі М.Садықов баяндама жасады.

Мұстафа Матаев 1969-1980 жылдары Н.Гоголь атындағы педагогика институтының (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті) марксистік-лениндік философия кафедрасының меңгерушісі, Оған жоғары аттестациялық комиссиясының 1971 жылғы шешімі бойынша марксистік-лениндік философия кафедрасының доценті атағы берілді.

Факультет деканы, «Құқықтану», кейіннен «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2002 жылдан өмірінің соңына дейін осы кафедраның кұрметті меңгерушісі, кафедра профессоры болып еңбек етті. Ғылыми зерттеу және оқу-әдістемелік жұмыстарының нәтижесінде 55 ғылыми еңбектің авторы атанды.

Ғалым М.Матаевтың ұсынысымен білікті жастар Мәскеуге, Санкт-Петербургке, Алматыға, Астанаға заң мамандығы бойынша аспирантураға, тәжірибе алмасуға жіберілген. Олар бүгінде заң ғылымдары кандидаттары атанып, университеттегі заңгер кадрлар даярлайтын арнайы кафедрада еңбек етіп, құқықтану бағытына өз үлестерін қосып келеді.

Университет ректорының айтуынша, Мұстафа Матайұлы негізін қалаған криминалистика лабораториясы ауқымды жобаларды қолға алған. Айталық, студенттердің «Заң клиникасы» тұрғындарға сапалы құқықтық қызмет көрсетумен жүйелі айналысса, «Жас заңгер»  үйірмесі де нақты  зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр.

Конференцияға ғалымның жары Торғын Аймұратова, ұл-қыздары, бауырлары,  шәкірттері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары, профессор-оқытушылар, білім алушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар алдымен университеттің №1 ғимаратында орналасқан М.Матаев атындағы дәрісханамен танысты. Ұрпақтары ғалымның жеке қорындағы кітаптарды университеттің ғылыми кітапханасына табыстады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<