Құран байқауы және Марал ишан медресесі

1516

0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде Құран Кәрімді жатқа айту және мәнерлеп оқу бойынша ХІ республикалық байқауының ашылу рәсімі болды.

Жылдағы дәстүрге сәйкес байқау Құран Кәрімнің 30, 20 және 10 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу шарттары бойынша өтеді. Байқау 28-29 қыркүйек күндеріне жоспарланған.

Құран байқауының ашылуына облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған  ҚМДБ басшылық құрамы, әр өңірдегі өкіл имамдар, зиялы қауым, еліміздің әр қиырынан бақ сынағалы келген 100  үміткер қари қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов және ардагер, «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, экономика ғылымдарының докторы Б.Досманбетов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау қорытындысымен жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталып, арнайы сертификат беріледі. Атап айтқанда, бірінші орынға автокөлік берілсе, жалпы жүлде қоры 15 млн теңгеден астам қаржыны құрады. Айта кетейік, жеңімпаздарды марапаттау шарасы 29 қыркүйекте, яғни, бүгін осы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде өтеді.

2015 жылдың қасиетті Рамазан айында кәсіпкер Мұрат Нұрсейітовтің бастамасымен қоғам қайраткерлерінің және облыс әкімінің қолдауымен Белкөл кентінде «Қалмұхаммед ишан» мешіті ашылған болатын. Бүгінде сол мешіттің жанынан Марал ишан атындағы зәулім медресе бой көтерді.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған  ҚМДБ басшылық құрамы, сонымен бірге, Меккедегі қасиетті Қағбаның кілтіне иелік етуші әулеттің өкілі Шейх Мұхәммәд, Меккедегі «Зәмзәм су» мекемесінің директоры Шейх Айман, «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді қажы Еренғайып сынды құрметті меймандар қатысты.

– Жаңа ғана «Құран Кәрімді жатқа айту және мәнерлеп оқу бойынша ХІ республикалық Құран байқауы бастау алды. Енді міне, Марал ишан атындағы қарилар дайындау орталығының ашылуына куәгер болып тұрмыз.

Сыр елінде осыдан бір ғасыр бұрын Қалжан ахун іргетасын қалаған медреседен білім алған ахундар мен ишандардың діни ағартушылық бағыттағы еңбектері бұл күнде халықтың рухани мұрасына айналғаны баршамызға белгілі. Сол секілді, осынау медресе де ел руханиятында жүздеген жылдық тарихы бар іргелі орынға айналары сөзсіз. Оқу орталығынан білім алған жастар еліміздің болашағына қызмет ететіне сенімдіміз. Сыр елі қашанда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір болып есептеледі. Әйгілі жырауларымыз, сүлейлеріміз, сондай-ақ, ахун, ишандарымыз бар. Олардан қалған тағылымды сөз талай жылдар бойы халқымыздың береке-бірлігінің және тұрақтылығының алтын арқауына айналды. Сонымен қатар, мыңдаған жылдардан берік қалыптасқан салт-дәстүріміз түрлі жат ағымдардың ықпалынан сақтап келеді.

Дініміз берік болса, татулығымыз баянды болады. Сондықтан өңірімізде бой көтерген діни оқу орталығының ашылуы құтты болсын, – деді Н.Сақтағанов.

Жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Меккедегі қасиетті Қағбаның кілтіне иелік етуші әулеттің өкілі Шейх Мұхәммәд, «Зәмзәм су» мекемесінің директоры Шейх Айман, «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді қажы Еренғайып, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері Рзақұл Нұртаев сөз сөйлеп, ізгілікті істі жүзеге асырған кәсіпкер Мұрат Нұрсейітовке және қолдау танытқан азаматтарға алғыс білдірді. Үш жүзге пір болған Марал ишан бабаның білімдарлығы туралы ой толғап, осынау шаңырақтан білім алатын жастардың болашағына сенім артты.

Жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, 2020 жылы Наурызбай қажы Тағанұлы өңірге келген іссапарында дәл осы жерде «Марал ишан» Сыр қариларын дайындау орталығының іргетасы қалануына тілегін білдірген екен. Бұл ізгі ниетті бастамаға қалың көпшілік те қолдау танытқан. Араға екі жыл салып, сол тілек қабыл болып, рухани ілімнің кәусар бұлағы, имандылық пен адамгершіліктің алтын тұғыры Марал ишан медресесі халық игілігіне пайдалануға берілді.

Нақтырақ айтқанда, Марал ишан атындағы қарилар дайындау орталығының құрылысы жергілікті кәсіпкер Мұрат Нұрсейітовтің демеушілігімен 2019 жылы басталып, 2022 жылы аяқталды. Ғимарат екіқабатты, 80 адамға шақталған. Сондай-ақ, дәл осындай типтегі қарилар дайындау орталығы Арал қаласында және Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде де қолданысқа беріледі. Жаңа ғимараттардың ашылуына Бас мүфти қатысады деп күтілуде. Айта кетейік, бұған дейін осындай Құран жаттау орталығы Шиелі кентінде ашылған.

Үшкүндік іс-шара аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері мен қарилар еліміздің игілігі мен болашағы үшін құрбан болған батырларымыз бен хан-сұлтандарымыздың, талай нәубетті замандарда репрессияға ұшыраған ата-бабаларымыздың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштап, жарылқау тілейді. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің ертеңі, халқымыздың бірлігі мен амандығы үшін дұға жасайды.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<