Құрылыс сапасы бақылауда

393

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қызылорда қаласы аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.

Алғашқы аялдаған нысан – СПМК-70 аумағындағы 50 пәтерлі ипотекалық тұрғын үй. Олардың құрылысын «Авангард ПГС», «АбуСер», «Промстройсервис» «SCS Инжиниринг» ЖШС-тері жүргізуде. Жобаның жалпы құны 6829,9 млн теңге.

Құрылыс компаниялары басшыларымен жүздесуде облыс әкімінің орынбасары жұмыстың уақытылы және сапалы орындалуына назар аудару қажеттігін ескертті. Тұрғын үйлер биылғы жылдың қазан-қараша айларында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар биыл қалада жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысы жайлы әңгімелеп берді.

– Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Нәтижесінде жыл соңына дейін 500-ге жуық адам жаңа баспанаға қол жеткізеді деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қараша айында басталған. Тұрғын үйдің әрбір шаршы метрі 250 мың теңгені құрайды. Қазір қалада бұдан басқа сол жағалауда 50 және жеке инвестордың есебінен 40 пәтерлі тұрғын үйлер құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін облыс орталығында осылайша барлығы 580 пәтер жаңа иесін табады, – деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары бұдан кейін «Бәйтерек» шағын ауданындағы екінші кіреберіс жолын орташа жөндеу жұмысымен танысты. Жолдың ұзындығы 5 шақырымға жуық. Ені 7 метрді құрайды. Ол биылғы жылдың қараша айына дейін пайдалануға берілмек. Жол құрылысымен «Қызылорда жолдары» ЖШС айналысуда.

Аталған шағын ауданда 2020 жылдың тамыз айында 600 орындық мектеп құрылысы басталған еді. Түрлі себеппен жасалатын жұмыс мерзімінен кешеуілдеді. Таяуда ол қайта жалғасып, аталған ғимаратты биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Облыс басшысының тапсырмасымен құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар жіті назарда тұр. Осы мақсатта қала аумағындағы құрылысы жүріп жатқан нысандар жұмысымен танысуға назар аударылды. Айта кетсек, қазір облыста 108 ғимарат құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы құны 60 млрд теңгеден асады. Сондай-ақ, биыл 350 шақырым жол салу жоспарланған. Жалпы, аталған нысандар арасында ауқымды жобалар бар. Мәселен, білім саласында 12 мектеп ғимараты бой көтерсе, өзге салаларда да осындай істер баршылық. Айта кетерлігі, алғашқы кезекте құрылыс сапасы мен уақытылы аяқтауға назар аударылып отыр. Өзіміз көріп тұрған мектептің кезінде қаржысы дұрыс шешілмеген. Содан бері құрылысқа қажетті металлдар және өзге де дүниелер қымбаттап кетті. Соның салдарынан мердігерлердің қосымша қаржы сұрау жағдайы кездесті. Бұл мақсатта қазір 327 млн теңге қосымша қаржы бөлінді. Ендігі кезекте білім ошағының құрылысы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деген жоспар бар, – деді Мархабат Жайымбетұлы журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, биыл демеушілер есебінен қалада 50, аудандарда 30-дан астам спорт алаңы салынбақ. Сондай-ақ, Арал ауданына қарасты Тоқабай елді мекенінде демеушілер есебінен апаттық жағдайдағы мектеп орнына жаңасын салу көзделуде.

– Облыс орталығындағы жаңадан пайдалануға берілген «Бәйтерек» шағын ауданында қазірге дейін 1800-ге жуық тұрғын үй салынған. Шамамен 7-8 мың адам тұрады. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін көпшілік жол мәселесінен қиындық көрді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызметке келгеннен кейін тиісті қаржы бөлініп, жол құрылысы басталды. Осылайша жергілікті тұрғындардың өтінішімен ауқымды жұмыстар жасалуда. Рас, қазір кейбір компаниялар құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты өздері салып жатқан ғимараттарды бітіруге қосымша қаржы сұрап отыр. Осы орайда келісім-шартта көрсетілген қаржы бойынша нысандарды бітіру жөнінде ортақ келісімге келдік. Осының нәтижесінде облыстық бюджеттен 3,5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды. Дегенмен, қай кезде де құрылыс сапасына баса назар аударылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.   

Аталған шағын ауданда «Әлем-құрылыс корпорациясы» ЖШС демеушілігімен балалар спорт алаңы бой көтеруде. Қазіргі таңда аталған жұмыстың басым бөлігі орындалған. Спорт алаңы жақын уақытта пайдалануға беріліп, онда жеткіншектердің бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасалады. Серіктестік №222 мектеп ауласында да осындай спорт алаңын салып беруді жоспарлап отыр.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Қарауылтөбе елді мекеніндегі 150 адамға арналған ауылдық клубтың құрылысымен танысты. Ғимараттың жалпы аумағы – 849,5 шаршы метр. 274,7 млн теңге қаралған. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі. Құрылыс жұмыстарын «Өмірзақ» ЖШС-і жүргізуде. Биылғы жылдың сәуір айында іргетасы қаланса, аяқталу мерзімі  2023 жылдың наурыз айына белгіленген.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары М.Жұмабаев көшесі бойындағы су құбырларын ауыстыру жұмысына зер салды. Енді мұнда ауызсу мәселесі толық шешімін табады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<