Құрылыс сапасы қатаң қадағаланады

501

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен аймақта салынып жатқан құрылыс нысандарының жағдайы туралы мәжіліс өтті. Оған тиісті сала басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және мердігер компания жетекішілері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары сөз басында биылғы жылдың алты айында атқарылған жұмыстар барысына тоқталды.

– Бүгінде өңірде бірқатар құрылыс нысандары бой көтеруде. Алдағы уақытта аудандарға барып сол ғимараттардың салыну барысын таразылап қайтамыз. Жоба бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Әрбірі назардан тыс қалмайды. Жоспар бойынша құрылысы жүріп жатқан мектеп пен балабақша ғимараттары тамыз айында қолданысқа берілуі тиіс. Тиісті қаржылар уақытылы бөлінді, енді олардың уақытылы әрі сапалы орындалуы сұралады. Сондықтан қала және аудан басшылығы сол жұмыстарды тұрақты бақылауға алып, нысандардың дер кезінде іске қосылуына жұмыс жасау қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Биыл облыс бойынша 106 нысанның құрылысын жүргізуге мемлекеттік бюджет есебінен 21,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 25 нысанның құрылысы жоспарланған. 7 мектеп, 2 балабақша, 1 оқушылар үйі қолға алынса, оған қоса 6 денсаулық сақтау, 4 мәдениет, 1 спорт, 1 мемлекеттік орган ғимараттары бой көтеруде. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 ғимарат құрылысы жүргізілуде.

Биылғы жылдың алғашқы жартысында 3 нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 250 орындық емхана, Сарыкөл ауылдық округіндегі Жұбан елді мекенінде, Арал ауданы Сексеуіл ауылдық округінде медициналық бекет елдің игілігіне айналды.

– Жылдың соңына дейін тағы 14 әлеуметтік нысанды аяқтау жоспарланса, қалған 8 нысан 2023 жылға өтпелі. Қазір мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 3 нысанның конкурсы жарияланған. Атап айтсақ, олардың қатарында облыстық қан орталығы, неке сарайы, мәдениет саласындағы көпсалалы кешен құрылысы бар. Бұл нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстарын биылғы жылдың тамыз айында бастау жоспарланған. Сондай-ақ, былтырғы жылдан өтпелі аудандар бойынша Аралда 2, Қазалыда 13, Қармақшыда  13, Жалағашта 4, Сырдарияда 4, Шиеліде 4, Жаңақорғанда 4 ғимараттың құрылысы жүргізілуде, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс жөнінде аудан әкімдерінің орынбасарлары қысқаша хабарлама жасады.

Мәжілісті түйіндеген облыс әкімінің орынбасары әрбір құрылыстың сапалы және уақытылы орындалуына назар аудару қажеттігін атап өтті. Аудандар басшылығы тарапынан  қатаң қадағалау болуы тиіс.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<