Құтқарушыларға құрмет көрсетті

317

0

19 қазан – «Құтқарушы күніне» орай аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов төтенше жағдай саласы ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, бүгінгі күннің батырларын аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

«28 жыл ішінде аймағымызда өртке қарсы қызмет бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары жыл сайын 2 мыңнан аса авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, 200-ге жуық адам өмірін құтқарады. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқарушы мамандығын игеру кез келген адамның қолынан келе бермейді» – деді Әліби Байнахатов.

Мерекелік қабылдауда аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан сала қызметкерлері мен ардагерлеріне өз алғысын білдірді.

Жалағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі мен № 11-ші Өрт сөндіру бөлімі азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және төтенше жағдай аймағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырып келеді.

Бүгінгі таңда Жалағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінде штат бойынша 4 қызметкер, Жалағаш ауданының №11 Өрт сөндіру бөлімінде 35 қызметкер жұмыс жасайды.

Естеріңізге сала кетейік, елордада 3 жасар баланы құтқарып, шұғыл әрекет пен батыл қадамға барған өзіміздің жерлесіміз Сәбит Шонтақбаев пен Аққұм ауылында өрт шыққан үйден өзінің 1, 3, 4 жастағы бауырларын аман алып шыққан №38 орта мектептің оқушысы Бахыт Мерей нағыз батырлық пен батылдықтың шынайы үлгісін көрсетті.

Бүгінгі күні осындай азаматтарды үлгі етіп, ерліктерін насихаттау маңызды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<