Қыс қамына ерте кірісті

16

0

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы алдағы жылу маусымына дайындықты белгіленген кестеден ерте бастап кетті. Дайындық жұмыстарын көрсету үшін жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды.

Алдымен қала орталығындағы Шымбай ауданына қарасты №13 А газ тарату пунктінде болдық. Мұндай пункттер саны 50 болса, оның 37-сі қалаға тиесілі.

Қызылорда өндірістік филиалы газ желілерін пайдалану және жөндеу қызметінің инженері Марат Абасов қалада орналасқан газ тарату пункттері мен шкафтарына жоспарлы түрде жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтады. Газ реттегіштердің жөндеуі 100%, газ реттегіш шкафтары 56%-ке орындалған. Жер үсті газ құбырының бойында қисайған, майысқан құбырлар жөнделген.

Өндірістік филиал облыс бойынша 2 336 шақырым газ құбыры мен құбыр бойындағы нысандардың қалыпты жұмыс істеуіне жауапты. Директордың бірінші орынбасары Жайық Әлішевтің айтуынша, бүгінге дейін күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмысы 56%-ке жүргізілген.

– Дайындық жұмыстары толық аяқталған соң облыстағы 125 284 абонент алдағы жылу маусымында «көгілдір отынды» алаңсыз тұтына алады. Бүгінгі күні ескірген, қисайған, майысқан құбырларды жөндеп, сыры кеткен жерлерін қайта бояудан бастап, жерүсті және жерасты желілерінің тұтастығын тексеру, жөндеу, газ құбырларындағы жабдықтың жай-күйін зерттеу мен ауыстыру сияқты техникалық жұмыстардың 21 түрі орындалуда, – деді Ж.Әлішев.

Бұдан бөлек, газға қатысты түрлі апаттық жағдай бола қалса, тиісті мамандардың қалай қимылдау керектігі бөлек пысықталуда. Бұл орайда техника мен газ мамандарының жұмыстарды орындауға дайындығын тексеру үшін арнайы оқу- жаттығу сабақтары өткізілген.

– Алдағы маусымдық жұмыстарға дайындық кестеден ерте орындалды. Техникалық жұмыстардан бөлек, облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша салынып жатқан газ құбырларына да бақылау жүргізіліп келеді. Биыл жыл соңына дейін облыстағы 5 елді мекенге газ жеткізіледі. Оларға «көгілдір отынды» апаратын газ құбырларының құрылысына «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы тиісті бақылау жасауда. Бұл – жұмыстың сапалы жасалуына септігін тигізбек, – деді  өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Нұрлан Құрманбаев.

Алдағы қысты Наурыз және Ж.Маханбетов ауылының тұрғындары «көгілдір отынмен» қарсы алуы да мүмкін. Себебі бұл елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды. Былтыр басталған жоба жоспар бойынша 2023 жылы аяқталуға тиіс. Жобаны «Әлия сервис» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Серіктестік бұған дейін Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында ауқымды жұмыстар атқарған. Құрылыс жұмыстарына «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының мамандары бақылау жасайды. Тексеру барысында кемшіліктер дер кезінде қалпына келтіріліп, жұмыс әрі қарай жалғасуда. Егер жоспардан тыс орындалса 4400 абонент «көгілдір отын» игілігін көреді.

Газ мамандары жоспарлы жұмыстан бөлек, газ бен газ жабдықтарын пайдалануда қауіпсіздік шараларын сақтау керегін үнемі ескертіп отырады. Филиал мамандары елді мекен көшелерін күнделікті аралап, қауіпсіздік ережелері туралы жадынамаларды үй-үйге таратады.

Баспасөз туры кезінде үйіне алғаш рет «көгілдір отын» кіргізіп, оның игілігін көргелі отырған «Рисмаш» ауданының тұрғыны Науқан Шаттықтың қуанышты сәтіне куә болдық. Бұл аумақта 2014 жылдан бері газ үздіксіз беріліп келеді. Алайда тұрғын жаңа ауданға енді көшіп келіпті. Сондықтан мамандар оған тілсіз жауды болдырмаудың жолдарын айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, жылу маусымына дайындық жұмыстарын ерте бастаған мамандар күннің аптап ыстығына да қарап жатқан жоқ. Өйткені, жауапты кезеңде тұрғындар жылусыз қалмау керек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»