Қысқа әзірлік қамсыздықты көтермейді

463

0

Бейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен селекторлық жиында егісті сумен қамтамасыз ету және  мал азығын дайындау мәселелері кеңінен талқыланды. Оған тиісті басқарма басшылары және онлайн режимде аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы өңірдегі қуаңшы­­лық мәселесі аса күрделі екенін айтты. Ол ауыл шаруа­шылығы саласына айтарлықтай қиындық туғызып отыр.

– Биыл «Нарын-Сырдария» қоймаларына табиғи жағдайға байланысты су аз жиналған. Су өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд 878 миллион текше метрге кем. Бұл Сырдарияның төменгі бөлігіндегі Қызылорда облысына айтарлықтай қиындық алып келді. Осыған байланысты вегетациялық кезеңде өңірде егінді қажетті сумен қамтамасыз ету  шараларына өз деңгейінде назар аударылып, сол мақсатта тиісті шаралар қабылданды. Алда әлі бір айдан астам уақыт бар. Бұл кезеңде де егінді толықтай сумен қамта­масыз етуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, биылғы егіс көлемі 187,6 мың гектар. Негізгі дақыл – күріш 82,9 мың гектар. Егілген күріштің 95 проценті жақсы және орта деңгейде деп бағаланып отыр.  

Осы орайда облыс басшысы Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне егісті судан қалдырмауға баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Бұл бағытта «Қазсушар» республикалық мем­лекеттік кәсіпорнының Қы­зыл­орда филиалы бекіткен «Су тапшылығы жағдайына байла­нысты каналдар бойынша кезек­тестіріп суландыру» кес­тесі қатаң сақталуы тиіс. Су тартатын қондырғылар орнату – негізгі міндеттің бірі. Оған пайдаланылатын дизель отынын жеткізу мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн.

Сондай-ақ, Қармақшы, Қазалы және Шиелі аудандарындағы коллек­торларға қойылатын су тарту қондырғыларын орнатуды 20 шілдеге дейін аяқтау жүк­телді. Сондай-ақ, магистральді ка­нал­дарды жедел түрде тазалау жөнінде тапсырма берілді. Сатып алынатын 43 дана насос қон­дырғысын елді мекендерге жедел жеткізу керек.

«Қазсушар» республикалық мем­­ле­кеттік кәсіпорнының Қы­­зылорда филиалы дирек­торы Хамит Биімбетовтің баян­дауынша, вегетация кезеңінде 847 су пайдаланушымен келісім-шарт жасалған. Бүгінгі күнге дейін 2 млрд 118 млн текше метр су берілуі қажет болса, ол 98 про­центке орындалды.

Селекторлық жиында мал азығын дайындау мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Талғат Дүйсебаев алдағы қысқа төрт түлікке 942,4 мың тонна ірі азық қажет екенін айтып өтті. Алдын ала болжам бойынша биыл жоңышқадан 220,2 мың тонна өнім жиналады деп күтіліп отыр. Ал қалған 722,2 мың тоннасы табиғи шөп және күріш сабанымен  толықтырылмақ.

Қазір Қызылорда қаласы мен аудандарда бұл бағытта арнайы штабтар құрылған. Шабындық жердің нақты көлемі айқындалып, қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары бекітілді.

– Аймақта жыл сайын мал басы өсіп келеді. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қой мен ешкі басы 5,9, сиыр 3,9, жылқы 10,4, түйе 7,1 процентке артты. Бұл малазығындық дақылдарды егуге басымдық беруді қажет етеді. Биыл мұндай дақылдар 66,4 мың гектарға егілді, былтырғыдан 5,4 мың гектарға артық. Елді мекендерде шөп дайындайтын 114 бригада құрылып, 170 техни­ка мен 823 адам күші жұмыл­ды­рылған. Әр елді мекенде ауыл шаруа­шылығымен айналысатын ірі кәсіпкерлермен жем-шөпті қолжетімді бағада сату үшін тиісті меморандум жасалды. Қазір жаппай шөп ору науқаны бастал­ды, – деді басқарма басшысы.

Қуаңшылыққа ұшыраған Арал ауданындағы жұмыстар жөнінде онлайн режимде баяндаған аудан әкімі Серік Сермағамбетов қысқа 184,6 мың тонна шөп қажет екенін атап өтті. Оның 36,5 мың тоннасы ауданның шабындық жерінен дайындалса, жетіспейтін бөлігін сырттан тасымалдау жоспарланып отыр.

– Бұл мақсатта жасақталған 5 бригада құрамына 30 адам тартылды. Олар Ақтөбе облы­сының Ырғыз ауданында шөп оруды бастап кетті. Одан бөлек, Жалағаш және Қармақшы аудан­дарымен меморандум жасалған, ол іске 3 бригада жұмылады. Сондай-ақ, 3 шаруашылық «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 490 тонна арпа жемін сатып алуға келісім-шартқа қол қойды. Қазір 125 тоннасы жеткізілді. Қалғаны 1-2 күнде вагонға тиеледі, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, қуаңшылық көр­шілес Қазалы ауданының кейбір ауылдарында байқалады. Бұл бойынша мән-жайды баяндаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мал азығы мен өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі аудандық штаб құрылғанын айтып өтті. Арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Ауданда төрт түлікке 142 мың тонна шөп және 28,6 мың тонна жем қажеттілігі нақтыланды. Қажетті шөптің 70,4, ал жемнің 10 проценті  ауданның өз күшімен қамтамасыз етілсе, қалғаны сырттан тасымалданады деп жоспарлануда.

Селекторлық жиынды түйін­деген облыс басшысы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктеріне алдағы қысқа қажетті жем-шөпті жергілікті жерде дайындауды міндеттеді. Жемдік бидай, арпа және сұлы өнімдерін сатып алуды ұйымдастыру үшін аудандардан арнайы оператор белгіленуі тиіс. Шөп оруға жұмыссыз жүрген жастарды және еңбекпен қамту орталығында тіркелген азаматтарды тарту жолын қарас­тыруға назар аударылады. Ау­дан­дардың қажеттілігіне орай мемлекеттік орман қоры жерінен арнайы шөп дайындайтын ау­мақтар белгіленбек.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<