Қызылорда облысында суды үнемдеу технологиялары кешенді жүргізілуде

243

0

Бүгінде Қызылорда облысында 265,3 мың гектар суармалы жер болса, оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістік. Биыл су тапшылығына қарамастан егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, жалпы 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді». Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

«Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру үшін малазықтық дақылдар көлемін 2300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын 222 гектарға, негізгі дақыл – күріштің көлемін 5400 гектарға ұлғайттық. Әлеуметтік маңызы бар дақылдарды егіп, жинап алуға ынталы тұрғындар үшін өткен жылы арнайы жер телімдері бөлінді. Осы игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 3 мың гектардан астам жер берілді. Қазір 5488 отбасына жер телімдері беріліп, аяқ су жүргізілді. Оның нәтижесінде тұрғындар өздерін қажетті өнімдермен қамтамасыз ете алады», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр диқандарын мемлекеттік қолдау үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» бірлесіп, күздегі күріш өнімін форвардтық сатып алу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде 6000 тонна ақ күрішті сатып алуға 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, облыстың 4 шаруашылығы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан келісім-шарт арқылы қаржы алды. Оны көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыш, жанармай, гербицидтер сатып алуға жұмсады.

Украина ғалымдарымен бірлесіп, өңірде демонстрациялық алаң ашылуда. Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына орай жаңбырлатып, тамшылатып суару әдістерімен әртараптандыру бағытындағы соя, күнбағыс, жүгері, бидай дақылдарының және күріштің бірнеше сортын тәжірибе ретінде енгізу.

Мұнан бөлек, Үкімет қолдауымен өткен жылы «Көкарал» бөгетін сақтау жобасын бастауға республикалық бюджеттен 500 млн. теңге қаралса, биыл 1,9 млрд. теңге бөлу көзделуде. Жоба 2024 жылы аяқталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүруде. Былтыр 157 мың гектар жер қайтарылды, биыл 200 мың гектардан астам жерді қайтару жоспарланған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<