Кеше ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Қызылорда қаласына келді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды бірқатар өндіріс, құрылыс нысандарында болып, алдағы міндеттер барысын пысықтады.
Жаңа терминал – жаңа мүмкіндік
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен «Қорқыт Ата әуежайы» жаңа терминалының жұмысымен таныстырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Абайұлының қатысуымен 2024 жылы 12 қарашада «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы ашылды. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16,6 млрд теңге инвестиция салды, жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді,– деді облыс әкімі.
Әуе айлағының өткізу мүмкіндігі 7 есе, яғни жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін артты. Жаңа терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Бүгінде «Қорқыт Ата әуежайы» арқылы «AirAstana», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компаниялары аптасына 26, атап айтқанда Астана қаласына 16, Алматыға 10 рейс орындауда.
Роман Скляр жаңа терминал аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, сауда-саттық көлемінің өсуіне оң септігін тигізетінін айтты.
Тың жобалар тынысы
Мұнан соң Премьер-министрдің бірінші орынбасары шағын өнеркәсіп аймақтарына барып, жаңа жобалар мен өндіріс алаңдарын көрді.
Облыс әкімі «Жолаушылар вагондарын жөндеу, техникалық қызмет көрсету кешені және вагон құрастыру зауытының» жобасымен таныстырды.
Инвестициялық жобаның құрылтайшысы «Марал-Нұр» ЖШС директоры Мұрат Нұрсаитовтың айтуынша, 15,4 млрд теңге инвестиция салынатын жоба 2 кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезеңде жылына 560 жолаушылар вагонын ағымдағы жөндеу, 180 вагон депо жөндеу кешені жоспарланған.
Құрылыс 100% аяқталды, қазір ішкі әрлеу жұмыстары қарқын алды. Ресейден 60 жабдық жеткізіліп, монтаждалуда. Серіктестік бұған шамамен 3,2 млрд теңге жеке инвестиция салды. Одан бөлек, жобаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 2,2 млрд теңгеге қаржыландырды. Пайдалануға беру 2025 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланған.
Екінші кезеңде жаңа технологияларды пайдаланып вагон құрастыратын өндіріс құрылмақ. Ол – жылына 30-40 вагон шығаратын «Қызылорда вагон құрастыру зауыты». Дайындық жұмыстары осы жылдың екінші жартыжылдығында басталады. Ресейден және ҚХР-дан жабдықтар сатып алуға қажетті 8 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қарастырылуда.
Әрі қарай Премьер-министрдің бірінші орынбасары шағын өнеркәсіп аймақтарындағы жаңа жобалар мен өндіріс алаңдарын аралады. Қызылорда қаласының сол жағалауынан шағын өнеркәсіп паркін салу туралы 2 кәсіпкердің өтінімі мақұлданған. «Тұмар» және «Техоснастка-Ремсервис» шағын өнеркәсіп аймақтары жобасының техникалық серіктесі – «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Байқоңыр» ӘКК АҚ. Бұл аумақтан ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін шығару жоспарлануда. Сүт өнімдерін, жартылай фабрикаттарды, нан-тоқаш өнімдерін өндіретін аймақта 80 жұмысшыға дейін еңбек етеді. Қазіргі уақытта іргетасы құйылып, бағаналары орнатылған.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында кейінгі екі жылда 601 жоба жүзеге асырылып, 917 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл 815 жоба шеңберінде 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, шаруашылық құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсібін бастаушыларды ғимаратпен, кепілдікпен қамтамасыз ету тәжірибесі енгізілді.
… 90 млн дана кірпіш
Қызылорда қаласының «Өндіріс» индустриялық аймағында қарқынды салынып жатқан заманауи кірпіш зауытының жұмыс барысы да назарға ұсынылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құрылысын «Қызылорда Саз-М» ЖШС жүргізіп жатқан кірпіш зауытын орналастыруға өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 7 гектар жер телімі берілгенін айтты. Іске қосылған соң мұнда жылына 90 млн дана кірпіш шығарылады.
Зауыттың іргетасы толық құйылып, металл конструкцияларының 60%-ы орнатылған. Құрылыс алаңында 50 жұмысшы, 11 техника еңбек етуде. Қажетті қондырғылар Қытайдан жеткізілген. Айналмалы пешті, шикізат дайындайтын қондырғыны, экструдерді, кірпіш кесіп оны жинайтын құрылғыларды монтаждау жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат та салынады. Бұл кірпіш зауытының артықшылығы – өндіріс толығымен автоматтандырылған.
Өңірдің энергетикалық әлеуеті артып келеді
Сондай-ақ ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа жылу-электр орталығының құрылыс барысымен және шыны зауытының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының арқасында бүгінде өңірдің энергетика саласының даму қарқыны жоғары.
Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы бой көтеріп келеді. Бүгінде инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы құрылысқа 127 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Жаңа жылу-электр орталығы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдессіз жобалардың бірі. Ол іске қосылғанда өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік туады. Өңір үшін айрықша маңызға ие нысан биыл ел игілігіне табысталады.
«Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытындағы жаңа желінің жұмысы да қарқынды. Зауытта жылына 197,1 мың тонна шыны өндіріліп, Ресей Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады. Бүгінде онда 366 маман жұмыс істейді, оның 269-ы – қазақстандық, 97-сі – шетелдік. Өткен жылы шыны зауыты ішінен энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі іске қосылған болатын. Қытайлық инвестор алдағы уақытта 2 кезеңге жоспарланған жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Бірінші кезеңде, яғни 2026 жылы жылына 200 мың тонна кварц құмын өңдейтін цех, екінші кезең – 2028 жылы тәулігіне 500 тонна күн фотоэлектрлік шыны өндірісі ашылады.
Айта кетейік, облыста негізгі капиталға 640 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайыз болды. Оның 70,5 пайызы – жеке инвестиция. Шетел инвесторларымен жүргізілген жұмыстардың арқасында 2024 жылдың 9 айында 171 млн доллар тікелей инвестиция тартылды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 37 млрд теңгенің 21 инвестициялық жобасы жүзеге асты. 2025-2029 жылдарға 1 трлн 900 млрд теңгенің 65 инвестициялық жобасы межеленген.
Облыста жақсы жолдың үлесі 92 пайыздан асты
«Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылын қайта жаңғырту жұмысын көру барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылдан бері Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті нығайтылып, осы даңғылдың 6,7 шақырымы қайта жаңғыртыла бастағанын айтты.
Мердігер мекеме «Уад» ЖШС бұған дейін 1,2 шақырым кеңейтілетін жолға асфальт төседі. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті тазаланып, 2,6 шақырымға жуық дамба нығайтылды және 1,2 шақырым тіреу қабырғасы тұрғызылды. Бүгінде қосымша жер телімдерін сатып алу қажеттігі туындап, зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Еске салайық, өткен жылы аймақтың жол инфрақұрылымын дамытуға 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам жол жөнделді.
Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты. Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жалғасуда. Облыс аумағындағы 216 шақырымның 151 шақырымы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қосымша 30 шақырымына екі қабатты асфальт жабындысы төселді. Жұмыс қарқынды жүруде, жоба биыл толық аяқталады.
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП»: ҰЛТТЫҚ ЖОБА ұтымдЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Роман Скляр өңірге жұмыс сапары барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен де танысты.
Жоба аясында өңірде 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы басталып, бүгінде 5-уі оқушылар мен ұстаздардың игілігіне табысталды. Биыл тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.
«Жайлы мектептерде» бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Мобильді трансформер парталармен, әмбебап акт залымен, қауіпсіздік жүйесі, оқу-зертханалық құрылғылар және жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, өткен жылы аймақта 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.
«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» табысталды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.
Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ.
Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.
ЖАҢА СТАДИОН АШЫЛАДЫ
Премьер-министрдің бірінші орынбасары жаңа стадионның құрылыс алаңына барды. Өңір халқының сұранысына сай салынып жатқан жаңа стадион бокс, күрес, ауыр атлетика, футболшылардың жаттығу залдарымен, йога, гимнастика-акробатика, сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылатын болады. Стадионның тағы бір ерекшелігі – УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты. 11 мың орынға арналған, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Бүгінде шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау 100% аяқталып, қабырғалар мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Наурыз айында ғимараттың сыртқы қабырғалары, ішкі инженерлік желілері аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру жұмыстары басталады. Нысан мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімі өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі орталығы» іске қосылғанын, жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена» және денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталатынын айтты.
Мұнан бөлек, Қармақшы ауданына қарасты «ІІІ Интернационал», «Жаңажол», «Ақай», Арал ауданының «Жақсықылыш, Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» ауылдарында, Жалағаш кентінде жаңа спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 6, облыстық бюджет есебінен 2, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 2 спорт нысаны салынуда.
Жолаушыларға жағдай жасалған
Роман Склярды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа автовокзалдың жұмысымен таныстырды.
Өткен жылы Қызылорда қаласының сол жағалауынан заманауи үлгідегі 200 орындық автовокзал пайдалануға берілген еді. Жаңа ғимарат жолаушыларға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған.
Бүгінде автовокзалда облыс аудандарына, басқа өңірлерге қатынайтын маршруттарға, сондай-ақ, транзиттік бағыттағы автобустарға қызмет көрсетіледі. Жолаушылар автовокзалдан 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.
ҚҰРЫЛЫСТА ҚАРҚЫН ЖОҒАРЫ
Өңірге жұмыс сапарының қорытындысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр қала аумағында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын көрді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде соңғы 3 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі артқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім 153,8%. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артып, рекордтық деңгейге, 866,8 мың шаршы метрге жетті. 2022-2023 жылдары 4000-ға жуық пәтер пайдалануға берілсе, былтыр 2500-ден астам баспана кілті табысталды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуда облыс 1948 пәтер көрсеткішімен республикада 2-ші орынға шықты.
Айта кетейік, өңірде құрылыс жұмыстары республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Өткен жылы 69 жаңа ғимарат салынды, оның 25-і білім, 16-сы денсаулық сақтау, 11-і мәдениет, 17-сі спорт саласына тиесілі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынды.
Облыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4,8 млрд теңге қаржы бөлді. Оның арқасында Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Мұнан бөлек, 1 млрд 100 млн теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер алынып, бүгінде ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млрд теңгеге жуық қаржыға облыс орталығы мен аудандарда жаңа ғимараттар, парктер, ойын алаңдары салынып, мемлекет теңгеріміне өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<