«Қызылорда су жүйесі»: тұтынушыға керегі – сапалы қызмет

790

0

Кеше қалалық мәслихатта облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтің төрағалығымен «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің жағдайына байланысты арнайы жиналыс өтті.

– Қазіргі күндері  бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желі беттерінде мекеме жұмысына байланысты көп сын айтылып жатады. Тұрғындар тарапынан ауызсу сапасы, оның тұрақты берілу жағдайы және өзге де мәселелерге қатысты көңіл толмаушылық бар. Әрине, мекемеде қордаланған мәселелердің де бар екенін білеміз. Түрлі себептермен берешегі көбейіп, оны шешу жолдары күрделене түсті. Осының салдарынан халыққа қызмет көрсету сапасы өте төмен деңгейге түсті. Жиын барысында сол түйткілдерді шешу жолдары қарастырылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

«Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Талғат Құлмағанбетовтің айтуынша, мекемеге қарасты 974 шақырым ауызсу, 456 шақырым кәріз су құбырлары бар. Кәсіпорын арқылы таратылған су көлемі кейінгі үш жылда 24 пайызға өскені байқалды. Атап айтқанда, 2020 жылы қаңтар-мамыр айлары аралығында 5186 мың текше метр болса, биыл ол аталған уақытта 6178 мың текше метрді құрап отыр. Тұтынушылар саны екі жыл бұрын 75212 болса, ол биыл 83747 тұтынушыға жеткен. Осылайша тұтынушылар саны 8535-ке көбейді.

– Кәсіпорын 2020 жылдың алғашқы бес айында тұтынушыларға 473 млн теңгеге қызмет көрсетсе, одан 337 млн (71 %) теңгені құрады. 2022 жылы 617 млн теңгеге қызмет жасалса, тұтынушылар оның 512 млн теңгесін (83 %) төледі. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда қаражаттың түсім көлемі 51 пайызға көбейген. Қазір тәулігіне 80-82 мың текше метр ауызсу таратылуда. Ол жаз айларында 100-105 мың текше метрге дейін жетсе, қыс мезгілінде 38 мың текше метрге жетеді. Облыс орталығында тұратын 300 мың адам мен 4120 заңды тұлға су тұтыну нормасына сәйкес есептесек, тәулігіне 70 мың текше метр су қажеттілігі шығады. Сонда мекеме тәулігіне 30-35 мың текше метр суды артығымен қамтамасыз етіп келеді, – деді кәсіпорын басшысы.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары сала мамандарынан ауызсудың сапасын арттыру, су қысымын арттыру, берешектерді өтеу секілді мәселелерді жан-жақты талқылады.

Кәсіпорын басындағы қиындықтарға байланысты оны шешу мақсатында облыс басшылығы тарапынан тиісті қолдау көрсетілмек. Десе де мекеме басшылығы тарапынан қордаланған қарыздарды жою бағытында нақты жұмыстар жасау міндеті тұр.

– Ең басты міндет – халыққа сапалы қызмет көрсету. Ауызсуды тәулік бойына тиісті қысыммен беруге назар аударылуы тиіс. Бұл бағытта нақты іс-шаралар қолға алынғаны жөн. Мекеменің қаржылық жағдайы ай сайын басты назарда ұсталуы қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары жиынды түйіндеп.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<