«Қызылорда тазалығы» жаңа техникалармен толықты

707

0

Стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті – халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырғанда ғана орындалады десек, бұл бағытта облыс орталығында тұрғындардың игілігі үшін ілкімді істер атқарылуда.

Соның бір дәлелі, аймақ басшысының тікелей қолдауымен қаланың тазалығын қамтамасыз етіп отырған «Қызылорда тазалығы» ЖШС-на 20 арнайы техника алуға облыстық бюджеттен 742,8 млн теңге бөлініп, кеше оның алғашқы легі келе бастады.

Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов жаңадан алынған екі фронталды тиегіші бар «МТЗ-82» тракторы мен «WECAN 800» маркалы екі шағын тиегіш техникаларды табыстау рәсіміне қатысты.

– Осы күнге дейін алынған техникалардың ескіруіне байланысты облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүйелі жұмыстардың нәтижесі көрінуде. Алдағы уақытта арнайы техникалар рет-ретімен алынады, – деді ол.

Сондай-ақ, шаһар басшысы ел игілігі үшін жасалған бұл істің баянды болуы ендігі жерде жұмысшылардың мемлекет мүлкіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін айтып, қала тазалығымен айналысатын еңбеккерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

Қазір 500-ден аса көшенің тазалығын қамтып отырған «Қызылорда тазалығы» ЖШС-ның теңгерімінде 125 техника болса, оның 91-і санитарлық тазалық жұмыстарына жұмылдырылған.

Айта кету керек, өткен жылдың соңында аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 525,6 млн теңгеге 11 арнайы техника алынған болатын.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<