Қызылордада бүйрек трансплантациясы жасалды

1346

0

Кеше облыстық көпбейінді ауруханада медицина саласында күрделі бүйрек ауыстыру отасы жасалды. А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Баймахановтың бүйрек жетіспеушілігі зардабын тартып жүрген 25 жастағы науқасқа жасаған отасы сәтті өтті.

Науқас үш жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болып келген. Енді оның бұрынғыдай толыққанды өмірге оралуына, диализ орталығынан тәуелсіздігіне жол ашылды. Сәтті ота науқасты уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босатты. Енді оның белсенді өмір салтын ұстануына болады. Науқасқа 36 жастағы туысқан ағасы донор болуға келісімін берген.

– Елімізде 2011 жылдан бері бүйрек және бауыр трансплантациясы кең ауқымда жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 1000-ға тарта ота жасалды. Оның 700-і бүйрекке қатысты болса, қалғанын бауыр трансплантациясы құрайды. Бұл – өте күрделі іс, оған әрбір дәрігер үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тәжірибесі жоғары болуы ескеріледі. Біз облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлерінің ұсынысын қабыл алдық. Аурухана оған қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ота төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Жалпы, бұл өте жіті назарда болады. Барлығы алдын ала зерттеледі, – деді Болатбек Баймаханов.   

Ем алушы облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы реципиент пен донор арасындағы генетикалық байланысты растайтын этикалық комиссиядан өткен. Комиссия құрамына заңгерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кірді.

– Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, мұндай отаның 80 пайызға жуығы қайтыс болған азаматтардың донорлығымен жасалады. Ал біздің елімізде басым бөлігінде науқастарға жақын туыстары донор болуымен ерекшеленеді. Осыған орай тиісті заңдылықтарға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Әрине, науқастардың жағдайы тез ота жасауды қажет етеді. Трансплантация тәсілі ағза өзінің функциясын түгел жоғалтқан және басқа емдеу шарасы жоқ кезде қолданылады. Жалпы диализ уақытша өмірін созуға мүмкіндік береді, – деді және бір сөзінде Болатбек Баймаханов.

Бүгінгі хирургияда донорлық бүйректі сәтті трансплантациялау созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастардың өмір сүру сапасын қалпына келтіріп, олардың толық медициналық және әлеуметтік оңалуын қамтамасыз етеді. Аурудың дамуын болдырмаудың жолы – скрининг арқылы бүйрек ауруын ерте анықтау. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында 85 трансплантацияланған науқас бар. Оның 82-сі туысқан донордан.

Бүйрек жетіспеушілігі негізінде дер кезінде ем алмау салдарынан туындайды. Кейінгі жылдарда науқастардың арасында жастардың үлес салмағы артып баратыны алаңдатады дейді дәрігерлер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<