Қызылордада мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ашылды

2258

0

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ашылуы және әкімшілік сотқа тағайындалған төраға мен судьяларды таныстыру  рәсімі өтті.

Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев әкімшілік соттың маңыздылығы мен қызметі туралы айта келе, соттың ашылуы және судьялардың тағайындалуымен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында азаматтар жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жататынын, олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтінін, осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу керектігін атап өткен болатын. Мамандандырылған әкімшілік соттар талап қоюшылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, әкімшілік органдар мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы теңсіздікті болдырмау бағытында қызмет атқарады»,-деді Қ.Нұрышев.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Әйтеке би 29 ғимаратының 5 қабатында орналасқан. Сотта төраға және үш судья, сегіз маман қызмет атқарады. Мырзатаева Гүлжан Жалғасбайқызы сот төрағасы болып тағайындалды.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі күшіне еніп, жаңадан ашылған сот азаматтар, заңды тұлғалар мен әкімшілік органдардың арасында туындаған жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік істерді қарайтын болады.

Ал, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық соттар деп аталатын бұрынғы әкімшілік соттарда қаралады.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<