«Өткен айда электр энергиясына әдеттегіден көп төледік». Қызылордада жұрт жарықтың бағасына шағым айтып, шулап кетті. Бірақ бұл уақытша мәселе екен. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек мәселенің мән-жайын ашып айтты.
Басқарма өкілінің сөзіне қарағанда, аймақтағы «Энергосервис», «Шиелі жарығы» және «Дәулетэнерго» сияқты энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қызметін тоқтатты. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қызмет түрі «ҚЭТТК» АҚ қолына өтіп, ел аузында «КРЭК» аталып кеткен мекеме энергиямен жабдықтау қызметін қоса жүзеге асыруда. Тұрғындар наразылығының себебі осы өзгерістерге келіп тіреледі.
– Өткен жылдың соңында «электр энергиясы қымбаттады ма?» деген сұрақ көбейді. Тариф өскен жоқ. 2024 жылдың 18 желтоқсанындағы лицензия негізінде энергиямен жабдықтау қызметін «ҚЭТТК» АҚ жүзеге асыруда. 2025 жылдың ақпан айына дейін Қызылорда қаласында «Энергосервис» серіктестігі тарапынан электр энергиясын тұтыну көрсеткіші бойынша есеп жүргізілуде. Халыққа ұсынылған есеп тарифтің көтерілуіне емес, тұтыну көрсеткішін қабылдау уақытының ұзаруына байланысты көбейген. Бұрын жарық тұтыну көрсеткіші ай сайын тұрақты түрде 30 күнге есептелетін.
Өткен жылдың соңында 45 күнге есептелген. Тұтынушыдан соңғы көрсеткіш 15 қарашада алынса, аталған мекеменің жабылуына байланысты одан кейін желтоқсан айының соңына дейінгі есебі алынған. Тұрғындардың «көп төледік» деп жүргені – осы айырмашылық. Енді мұндай болмайды, төлем жасау тәртібі бұрынғы қалпына түседі, – деді Тахир Нәдірбек.
Сараланған тариф деңгейі бұған дейін интернет желісінде ашық жарияланған. Басқарма өкілі бұл өзгерістен халық ақпарат құралдары арқылы хабардар болғанын жеткізді.
Облыс тұрғындары күніне 210 МВт электр энергиясын тұтынады екен. Оның 85,21 МВт-ы Қызылорда қаласының үлесінде. ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, электр энергиясы үшін тариф былтыр тамызда Қызылорда қаласы бойынша жеке тұлғаларға 1 кВт/сағатқа 22,02 теңге болып бекітілген.
– Арал, Қазалы аудандарында – 21,96 теңге, «Шиелі жарығы» ұйымы қызмет көрсеткен қалған аудандарда – 23,13 теңге. Бұл – қосымша құн салығын қоспағандағы тариф. Жоғарыда «ҚЭТТК» электрмен жабдықтау қызметін қоса қолына алғанын айттық. Алдағы уақытта жаңа тариф бекіту мәселесі қаралады, – деді департамент басшысы Айбек Егембергенов.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<