Қызылордалық шабандоз «Qazaq Derby» бас  жүлдесін ұтты

653

0

Елімізде  ұшқыр бәйге  жарыстары дамып келеді. Биыл 1 мамырда классикалық ат жарыстарының «Qazaq World Cup» турнирі бастау алды. Оны Ұлттық спорт қауымдастығы, Алматы облысының әкімдігі, республикалық «Бәйге» федерациясы, «Қазақ жокей клубы» қоғамдық ұйымы ұйымдастырған. Турнир 12-мәрте өткізіліп, 15 қазанда қорытындыланады.

Алматы қалалық ипподромында болған республикалық «Qazaq Derby» жарысында Сыр елінің 23 жастағы жокейі Бақытжан Шыңғысхан Орынбасарұлы  бас жүлдені жеңіп алды. «Уэст Кост Найт» атты америкалық жылқымен 2400 метр қашықтықты 2 минут 37 секундта бағындырып, қарсыластарынан көш ілгері келді.  Бас жүлде 3 000 000 теңге. Бапкері – Петр Карабельников. Жылқы иесі – «Қарабай» шаруа қожалығы.

Бақытжан Шыңғысхан Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебінде білім алған. Әрі қарай білімін Абылайхан атындағы жоғары колледжінде жалғастырып «Төтенше жағдайдан қорғану» маманы атанған. Дегенмен, жастайынан қаламыздағы ипподромда жаттығып, ат спортына жан-тәнімен берілген ол бұған дейін де бірнеше бәйгеде жүлдегер атанды. Шабандоз шыңдала түсу үшін 2019 жылы Алматы қалалық ипподромында жаттыққан. 2020-2021 жылдары Ресейдің Пятигорск қаласында мамандармен жұмыс жасап, бірнеше рет бәйгелі болған.

Өткен жылдан бері елде ұшқыр бәйгенің дамуына үлес қосып жүр. Республикалық жүлдені жеңіп алған жокей енді шетелдерде Қазақстан атынан бақ сынайтын болады.

«Елімізде ұшқыр бәйгенің жаңа деңгейде дамып келе жатқаны қуантады. Өзге елде туған жеріңнің атынан бақ сынау – үлкен бақыт. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін!» дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін жокей «Qazaq World Cup» турнирі  аясында «Сынақ», «Спринтерский» және «Арагона» жүлделерін жеңген еді.

Нұрай Орынбасарқызы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<