Ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді себепсіз тоқтатпайды – министрлік

620

0

Сейсенбі, 9 қарашадан бастап ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді себепсіз тоқтатпайды. Бұл туралы әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәлімдеді.

Осы санаттағы көлік иелерімен болған кездесуде Түсіпов бұдан былай ресейлік нөмірі бар көліктер жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатылатынын айтты, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Ал полиция қызметкерлері себепсіз тоқтатып жатса, 102 қызметіне немесе +7(708) 382-13-76, 7172-71-69-77, 7172-67-75-75 нөмірі бойынша байланыс орталықтарына хабарласуға болады.

Айта кетері, жақында ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді жаппай тексеру шаралары басталды. Себебі көрші елден криминалдық көліктер әкелінгені анықталды. Ішкі істер министрлігі сақтандыру компанияларынан Қазақстанда ресейлік нөмірмен жүрген көліктер туралы қажетті ақпарат алды. Ресейдің ішкі істер органдарына да сұрау салынды. Ол жақта Қазақстанда жүрген 88 мың көліктің тіркеуде тұрмағаны расталды.

«Ол көліктер заң бойынша тіркелмеген, я болмаса, Қазақстан азаматтарына сатылғаннан кейін бұрынғы иелері – Ресей азаматтары тіркеуден шығарып тастаған. Ал заң бойынша тіркелген көліктер ғана жол қозғалысына қатыса алады. Қазіргі кезде осы санаттағы көлік иелерімен тиісті жұмыс атқарылып жатыр», – деп атап өтті Түсіпов.

Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берді. Бұл дегеніміз, көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса, сол қылмыс нысаны болып саналады. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылды. Ұсталған көліктер әзірге айып тұрағында тұр.

Алдағы уақытта екі елдің ақпарат базасын интеграциялау жоспарланып отыр. Соның арқасында тіркеуде тұрмаған көліктер автоматты түрде анықталады.

Ресейлік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын мына жерде оқи аласыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<