Республикалық ғылыми-тәжірбиелік семинар өтеді

523

0

Ертең Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Жанкенттегі аспан асты музейдің ашылуы және далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері» тақырыбында ортағасырлық Жанкент қалашығында далалық семинар өткізіледі.

Іс-шара барысында облыстық бюджет есебінен Жанкент қалашығындағы 2016-2020 жылдар бірлесіп жүргізілген ғылыми-зерттеулерінің нәтижелері көрсетіліп, Жанкент қалашығы аумағында аспан асты музейін ұйымдастыру, ескерткішті сақтап қалу және қайта-қалпына келтіру жұмыстарының жоспары талқыланады. Сонымен қатар, Қызылорда облысының археологиялық ескерткіштерінде далалық қазба жұмыстарын жүргізу, мониторинг және сараптама жасау, т.б. Арал маңы археологиясының өзекті мәселелері бағамдалады.

Жанкент қалашығы – ортағасырлық Қазақстанның ортағасырлық тарихын, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зеттеуде тірек ескерткіш болып табылады. Бұл ескерткіш 2005 жылдан «Халықаралық Жанкент археологиялық экспедициясымен» зерттеліп келеді. Зерттеу барысында кешенді археологиялық және пәнаралық зерттеу әдістері пайдаланылып келеді.

Айта кететін жайт, облыстық бюджет есебінен Жанкент қалашығындағы қазба жұмыстары 2014 жылдан бастап Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан жүргізілуде. Археологиялық зерттеулермен қатар, қазба барысында аршылған архитектуралық құрылыстарды тұмшалау, қайта қалпына келтіру және қорғау аймағын белгілеу жұмыстары да қолға алынды. Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде, ескерткіш аумағындағы үй-жайлардың, бөлмелердің жақсы сақталғандығын байқаймыз. Келешекте осы бағыттағы жұмыстар Жанкент қалашығының аумағында археологиялық паркті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<